Диқандар көктемгі егістік науқанына дайын

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта еліміздің оңтүстік өңірі көктемгі егістік жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетсе, солтүстік өңірлер науқанға қажетті техникасын, тұқымын сайлап, дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Диқандар көктемгі егістік науқанына дайын

Әзірше, көңілге кірбің түсіріп, алаңдаушылық танытатындай жайттар орын ала қойған жоқ. Бірқатар өңірлер астық егілетін алқаптарын қысқартып, босаған жерлерге себілетін дәнді дақылдар түрін пысықтауда, яғни егістік алқаптарын әртараптандыру ісіне бет бұруда. Бүгінгі Үкімет отырысында осы мәселелер жан-жақты қаралып, диқандарды қажетті жанар-жағармаймен дер уақытында қамтамасыз ету жайы да сөз болды. Алқалы жиында негізгі баяндама жасаған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің атап өтуінше, облыстардың алдын ала деректеріне сәйкес республикада ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылғы деңгейден 0,5 пайызға кем, яғни 21,4 млн. га алқапқа себіледі деп күтілуде. «Бұл ақпараттардың ақиқатқа барынша жақын екенін айтуға болады. Оған кейінгі екі жылдағы бақылауды қатайту ықпалын тигізді, оның ішінде ғарыштық мониторингті пайдалу да бар», - дейді миинстр.

Оның атап өтуінше, көктемгі егіс алқабы 18,6 млн. га құрайды. Дәнді дақылдар 15,9 млн. га, оның ішінде бидай - 13,0 млн. га алқапта себіледі. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша меморандумдар аясында басым дақылдардың алқабын кеңейту есебінен 2012 жылғы деңгеймен салыстырғанда бидай алқабы 468,0 мың га, күріш - 5,7 мың гектарға азайтылады. Ал оның орнына дәндік жүгері алқабы 5,6 мың га, басқа дәнді дақылдар алқабы 76,8 мың гектарға ұлғаяды. Майлы дақылдар алқабы 2013 жылы 1,9 млн. гектарға жетеді. Бұл өткен жылғы деңгейден 43, мың га артық. «Жалпы барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының болжанған егіс алқабы меморандуммен көзделген индикативті көрсеткіштерге сәйкес келеді. Ал майлы, мал азықтық және көкөніс-бақша дақылдары тиісінше 38,1 мың га, 60,8 мың га және 5,0 мың гектарға артық», - деді А.Мамытбеков.

Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрі Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясында айтылған тапсырмасын орындау үшін облыс әкімдіктеріне басымды ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын кеңейту шаралары қабылдауы қажеттігін баса айтты. «Оның үстіне қазіргі уақытта субсидиялау бойынша барлық тетіктер әкімдіктерге берілген. Бірқатары оларды белсенді пайдалануда. Мәселен, Қарағанды облысында жұмсақ бидайды базалық субсидиялауды қысқарту арқылы мал азықтық, көкөніс дақылдарын және картопты мемлекеттік қолдауды едәуір арттыруға қол жеткізілді. Ақмола және Қостанай облыстарында бидайдың базалық субсидиясы едәуір төмендетілген және тиісінше ғылыми негізделген және ылғал сақтау технологиясы бойынша себілетін және майлы мал азықтық дақылдарға жоғарылатылған. Осымен бірге басқа аймақтар әлі де болса солқылдақтық танытуда. Жігерілікті көрсету және өсімдік шаруашылығын әртараптандыру үшін мемлекеттік қолдаудың тетіктерін пайдалану қажет», - деген А.Мамытбеков мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты мал азықтық дақылдарының алқаптарын ұлғайтуға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқыммен және мал азықтық дақылдарды өсіру үшін арнайы техникамен және азық дайындаумен қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажеттігіне ерекше тоқталды.

Министр гидромет мәліметтеріне сүйеніп, топырақтың жоғары қабатындағы нақты күзгі ылғал қоры мен қыста түскен жауын-шашынды ескере отырып, көктемнің басына топырақтағы ылғал қоры еліміздің барлық аумағында оңтайлы және қанағаттанарлық болатындығын атап өтті. Оның пайымынша, бұл ағымдағы жылы жақсы өнім алуға алдын-ала жағдай жасайды.

Сонымен қатар ол көктемгі егістік науқанына қажетті арзандатылған дизель отынының шамамен 50 мың тоннасы өңірлерге жөнелтілгенін атап өтті. Жанар-жағармай бекітілген бағамен берілуде. Ол диқандар үшін тасымалдау және оператордың шығындарын қоса алғанда литріне шамамен 90 теңгені құрайды. Бұл орташа нарықтың бағадан 11-12 пайызға төмен.

Айта кетерлігі, көктемгі егістік жұмыстарын атқаруға қажетті техника мен оның жанар-жағармайын дер уақытында дайындағанымен бірқатар өңірлердің диқандары себетін тұқым таппай, қиындыққа душар болып отырған көрінеді. Алайда, А.Мамытбеков бұл проблеманың таяу арада шешілетіндігін айтып отыр. «Тұқым жетіспеушілігі Ақтөбе облысында - 8,3 мың, Батыс Қазақстан облысында - 4,8 мың және Қостанай облысында - 19,3 мың тонна, жалпы 32,4 мың тонна көлемінде күтіледі. Оның 9,3 мың тоннасы облыстардың ресурстары есебінен, ал 23,1 мың тоннасы - мемлекеттік тұқым ресурстарынан толтырылады», - деді ол.

А.Мамытбековтің айтуынша, ағымдағы жылы тыңайтқыштар мен гербицидтерді субсидиялау механизміне өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, алғаш рет отандық қана емес, шетелдік өндіріс гербицидтері де субсидияланатын болады. 2013-2020 жылдарға арналған агрөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында 2013 жылғы бюджетті нақтылау кезінде бұрынғы 1,0 млрд. теңгеден 19,1 млрд. теңгеге дейін «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне гербицидтерді субсидиялауға арналған қаражатты ұлғайтуға бағытталған ағымдағы нысаналы трансферттер» атты бюджеттiк өтінім енгізу жоспарланып отыр. Аграршылар минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтерді арзандатылған бағамен отандық зауыттан сатып алғанда субсидия зауытқа беріледі. Ал шетелдік осындай өнімдерді еркін нарықта сатып алған жағдайда субсидия соңғы тұтынушы - ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге төленеді. «Бұл ретте отандық өнімді сатып алған кезде субсидия нормасы құнының 50 %-на дейін, шетелдік өнімге - 30 пайызына дейін құрайтын болады», - деді ол.

Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер-Министр Серік Ахметов Ауыл шаруашылығы министрлігі мен барлық әкімдерге көктемгі егістік жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды. «Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, барлық қажетті егістік жұмыстарын, міндетті жанар-жағармайды және басқа да материалдық-техникалық ресурстарды сапалы қамтамасыз етуді, басымдықты ауыл шаруашылығы дәнді-дақылдары алқаптарын кеңейту бойынша шараларды қабылдауды тапсырамын», - деді С. Ахметов.Сондай-ақ, Үкімет басшысы Мұнай және газ министрлігіне бекітілетін кесте мен қол қойылған меморандумға сәйкес қажетті көлемдегі дизель отынымен өңірлерді үздіксіз қамтамасыз ету бағытындағы барлық шараларды қабылдауды жүктеді.