Диқандар үшін жеңілдікпен қаржыландырудың жаңа бағдарламасы іске қосылады

егін
Фото: Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуде агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау үшін 300 млрд теңге сомасына жеңілдікпен қаржыландырудың жаңа бағдарламасын іске қосып отыр.

Алғаш рет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ осы бағдарлама шеңберінде шектеулерге тап болған фермерлер үшін кредиттің 85% сомасына кепілдіктер береді. Мұндай кепілдіктерді ұсыну азық-түлік қауіпсіздігін едәуір нығайтады және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Себебі, «Бәйтерек» холдингінің көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландырудың жалпы көлемі биыл 440 млрд теңгеге жетпек. Бұл бағытта холдинг агроөнеркәсіптік кешенді қолдау үшін нарықтық ресурстарды барынша пайдалана отырып, нарық пен екінші деңгейдегі банктердің қаражатын белсенді түрде айналымға тартады.

Бағдарлама «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын бір жылға дейінгі мерзімге жылдық 5% шарттарымен қаржыландыруды көздейді. Бұл биылғы су тасқыны мен былтырғы құрғақшылық салдарынан қаржылық қиындықтарға тап болған фермерлерді қолдауға бағытталған.

«Холдинг агроөнеркәсіптік кешенді белсенді қолдайды және осы саланы қаржыландыру көлемін тұрақты негізде ұлғайтатын болады. Мемлекет басшысының экономикалық өсу қарқынын 6%-ға дейін ұлғайту және ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2024 жылы АӨК субъектілері үшін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыруға 140 млрд теңге бөлінген. Алайда, бұл сома фермерлердің айналым қаражаттарына деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болды. Осыған байланысты біз қосымша нарықтық қарыз қаражатын тарту туралы шешім қабылдадық», - деп атап өтті «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин.

Бағдарламаны іске асыру Холдингтің еншілес құрылымдары арқылы кешенді жүзеге асырылады, бұл ресурстарды агроөнеркәсіптік сектордың негізгі аймақтарына тікелей және тиімді бағыттауға кепілдік береді. Жаңа бағдарлама биыл 29 сәуірден бастап жүзеге аспақ.

Соңғы жаңалықтар
telegram