Диқандардың тамаша табысы - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 3-і. ҚазАқпарат. Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 3-і, сенбі күні шыққан материалдарға шолуды ұсынады.

Диқандардың тамаша табысы - республикалық басылымдарға шолу

«Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Әзірбайжан Республикасының астанасы - Баку қаласына келді. Президент сарайы алдында мәртебелі мейманды қарсы алудың барлық ресми шаралары орындалған соң, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев екеуара оңаша кездесіп, екі мемлекеттің ынтымақтастығын тереңдетуге қатысты мәселелерді талқылады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мемлекет басшысының Әзірбайжан еліне жасаған ресми сапары, келіссөздер нәтижесінде қол жеткізген уағдаластықтар жайында толығымен осы басылымның сенбілік нөмірінде жарияланған «Ынтымақтастықтың басым бағыттары» атты мақаладан толық оқи аласыздар.

Елбасының Әзірбайжан мемлекетіндегі сапары жайында мақалалар «Казахстанская правда», «Литер» газеттерінде де жарияланған.

Басылымның сенбілік санының «Парламент» қосымшасында Мәжіліс депутаты Бағила Баймағамбетованың «Қазақстанның алдында үлкен міндеттер тұр» атты мақаласы жарық көрді. «Қазақстанның алдында үлкен де жауапты міндеттер тұр. Олар - елдің ішкі тұрақтылы­ғын сақтау арқылы әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, сыртқы саяси ұстанымын нығайтып, әлем алдындағы абыройын арттыру. Осы жолда елдің әрбір азаматы өз қызметінде үлес қосады деген сенімім мол», дейді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар осы қосымшада «2010 - 2012 жылдарға арналған бюджет

туралы заң жобасының параметрлері қандай?», «Палатаның қарауына ұсынылды», «Азаматтарды тіркеуге қатысты заңдар жетілдіріледі, «Бензин мен дизель отыны  бағасының күрт өсу себебі неде?» деген тақырыптармен шағын мақалалар берілген.

«Диқандардың тамаша табысы». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған мақалада солтүстікқазақстандық диқандардың бұрын-соңды болмаған бітік астық өсіріп, Елбасына берген серттерін абыроймен орындап  шыққандығы жазылады.

Басылымда жарияланған мәліметтерге қарағанда, Ақмола облысында 91,4 пайыз немесе бастырылған астық көлемі 4,5 миллион тонна, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тиісінше 100 пайыз - 5,4 миллион тонна және 90,3 пайыз - 5,5 миллион тонна. Ал бүтіндей алғанда республика бойынша бас­тап­қы салмақпен алғанда шамамен 21 миллион тонна астық жиналады деп болжануда. Бұл соңғы 5 жыл ішіндегі екінші рекордтық көрсеткіш болмақ.

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 21 миллион тоннадан астам өнім жинаған Қазақстан ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін қуанышты нәтижелерімен құттықтаған болатын. Осыған орай «Айқын» басылымы сенбілік нөмірінде Елбасының құттықтауын беріп, өңірлердегі астықтың бастырылуы туралы топтама мақалалар берген.

Елбасының республика диқандарына жолдаған құттықтауы «Астана ақшамы» газетінің де сенбілік нөмірінде жарияланған.

«Айқын» газетінің тұрақты айдары «Ақ сөйленің» сенбілік қонағы - Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми педагогикалық кадрларының біліктілігін арттыратын институттың директоры, педагогика ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Баймолдаев.  Мұғалімдер күні мерекесіне орай алынған сұхбат барысында ұстаздардың біліктілігіне, білімділігіне, мәртебесіне, оқулықтардың сапасына қатысты жайттар әңгіме болған. «Мұғалім мәртебесі заңмен негізделген» деген тақырыппен берілген екеуара әңгімені толығымен басылымның 3-ші бетінен оқи аласыздар.

«Жеңіспен өрілген дәстүр жалғасын тапты». Осы тақырыппен «Айқын» басылымында жарияланған  мақала өткен аптада Данияның Хернинг қаласында өткен грек-рим және еркін күрестен өткен Әлем чемпионатына,  жалпы дүбірлі додада өнер көрсеткен  қазақстандық балуандардың нәтижелеріне қорытынды жасалған.

Кеше Конгресс-Холл сарайында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мұғалімдер күніне орай ұстаздар қауымын құттықтаған болатын. Осыған орай «Астана ақшамы» газеті арнайы мақала жариялап, қала әкімінің құттықтауын толық жариялаған.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Халық нақылы ауруға дендетіп, сан соқпас үшін, оның алдын алу маңызды екенін меңзеп тұр. Жақында дәрігер мамандар алдағы екі айда тұмау ауруы үдеп кету мүмкін деген болжамдарын жайып салды», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылым осы жайтқа орай Астана қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Жандарбек Бекшиннен сұхбат алған. «Аурудың аражігін ажырата білу керек» деген тақырыппен жарияланған сұхбатпен басылымның сенбілік санынан егжей-тегжейлі таныса аласыздар.

***

«Астанада Бүкіләлемдік туристік ұйымның бас ассамблеясының XVIII сессиясы өз жұмысын бастады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Басылымның жазуынша әлемнің 120 елі Бас ассамблеяға қатысатындығын ресми бекіткен. Африка, Оңтүстік Азия және Орта Шығыс елдері үшін комиссия оты­рыстары, сон­дай-ақ сессияның негізгі іс-ша­ра­ларының бірі - ЮНДТҰ Атқа­рушы кеңесінің оты­рысы болған 

«Кеше Елесей сарайында Қазақстанның Франциядағы Елшісі Нұрлан Дәненов  осы елдің президенті Николя Саркозиге сенім грамотасын тапсырды», деп жазады «Эксперсс К» газеті.

«Литер» газетінің жазуынша, Польша мен Бразилия елдері Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты жолға қоюда.

Кеше Астанада өткен біріккен бизнес-форум барысында біздің елімізге бульдозер жеткізу бойынша екі мемлекеттің компаниялары арасындағы келісімге қол қойылған. Сонымен қатар  Қазақстан мен Бразилия арасында үкіметаралық келсімге қол қою мәселесі қарастырылуда.