Диқандарға қосымша 50 мың тонна дизель беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің бірқатар астықты өңіріне қосымша 50 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінеді. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауа райына байланысты өткенде әкімдіктер мәселе көтерген болатын. Олар бидайдың ылғалдылығын төмендету үшін қосымша арзандатылған дизель отынын бөлуді сұрады. Жалпы, қазір кестеге сәйкес биылғы егін жинау науқанына 394,4 мың тонна дизель отыны бөлінген. Бағасы бір литріне - 164 теңге»,- деді ол.
Ө.Шөкеевтің айтуынша, аталған көлемнің 73 пайызы зауыттардан жөнелтіліп, 89 пайызының қаражаты төленген.
«Энергетика министрлігімен бірлесіп, келісе отырып, тағы да қосымша 50 мың тонна дизель бөлу мүмкіндігін тауып отырмыз. Оның ішінде Ақмола облысына - 14 мың, Шығыс Қазақстан облысына - 5 мың, Қарағанды облысына - 2 мың, Қостанай облысына - 13 мың, Павлодар облысына - 2 мың, Солтүстік Қазақстан облысына - 14 мың тонна беріледі. Бағасы 1 литріне - 191 теңге. Ол енді қазіргі нарықтағы бағадан 9 пайызға арзан», - деді министр.