Диқаншы 3500 метрлік Германия туын тікті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бангладештік фермер Амджад Хоссайн тарихтағы ең ұзын Германияның туын тікті. Оның ұзындығы 3500 метрге созылыған. Осы арқылы диқаншы әлем чемпионатында финалға шыққан құрамаға өзінің қолдауын білдіргісі келген.
Амджад Хоссайнның еңбегін көру үшін Даккадағы неміс елшісі Фердинанд Вайе арнайы келген екен.
Диқаншының сөзіне қарағанда, ол созылмалы дертінен 2005 жылы немістердің дәрі-дәрмегінің көмегімен емделгеннен бері Германия құрамасының жанкүйері болып келе жатыр.
Туды тігу жұмыстарын аяқтау үшін ол жерінің бір бөлігін сатып жіберген көрінеді. Елші Вайе енді оған Германия құрамасы фан-клубының ресми мүшесі болып табылатындығы жөнінде арнайы грамотаны тапсырды.
Айта кетейік, бангладештік фермердің сүйікті құрамасы футболдан әлем чемпионы атағы үшін жексенбіде Рио-де-Жанейрода Аргентина командасымен бәсекеге түседі.