"Діл қоңыр үнді домбыра - бренд" деп аталатын монография жарық көрді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл монографияның бір ерекшелігі - мұнда авторлардың өздерінің ізденістерінің нәтижесінде туындаған көптеген жаңа ұғымдар, терминдер, сөз тіркестері бар. Мысалы, көшпейтін көшпенділер, қоңыр үнді қазақ елі, үн-қоңыр ділді халық т.б. Бұндай ұғымдардың, сөздердің алғаш танысқанда, түсініксіз, тосын көрінетіні жасырын емес. Алайда, зер салып, зейін қойып оқыған адам - ондай дүниелердің ғылыми негізі бар, әбден орынды екеніне монографиялық жұмыспен тереңдеп танысу барысында біртіндеп көз жеткізе алады», дейді оған пікір жазған ҚазҰУ-дың профессоры, философия ғылымдарының докторы Т. Ғабитов. Ал оның әріптесі профессор Г. Әбдіғалиеваның айтуынша, зерттеудің методологиялық негіздеріне авторлар діл, үн, қоңыр ұғымдарын философиялық, этнофутурлық және герменевтикалық тұрғылардан талдап, қазақтарда кездесетін экзистенциялық мотивтерді ашып көрсеткен. Монографияның негізгі нысаны - қазақ мәдениетінің өткені, бүгіні және болашағына қатысты мәселелерді байыптау, саралау болып табылады. Онда қазіргі кездегі қазақ ахуалының бір әлеуметтік-экономикалық жүйеден екінші бір әлеуметтік-экономикалық жүйеге өту барысындағы жағдайы, руханият, мәдениет, өнер салаларындағы ұлттық ел екенін білдіретін қабырғалы мәселелерді дұрыс шеше білудің жолдары қарастырылған.