Димаш Дәулетов «Украина дауысы» байқауында төрт тәлімгерді де өзіне қаратты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылық Димаш Дәулетов «Украина дауысы» байқауынан алған әсері жайлы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.
27 жастағы Дінмұхамед Дәулетов - Қостанай облысы, Рудный қаласының тумасы. Қазір Алматы қаласында тұрады.
Айтуынша, отбасында жалғыз бала. 6 жасынан бастап ән айтады.
«Мен ән айтқанды бұрыннан жақсы көрем. Отбасында атам мен әкем де ән айтады. Бала кезімнен өзім үшін, шағын ортада туыстарым үшін ән салатынмын. Мектептен кейін «экскаватор мен бульдозердің машинисі» мамандығы бойынша техникалық колледжге оқуға түстім. Экскаваторшы болып 4 жыл істедім. Сонымен қатар, көптеген байқауларға қатыстым, кейін әнші болуға деген ынта-ықыласым пайда болды. Уақыт өте келе қалалық шараларда өнер көрсете бастадым. Кейін жаныма не жақын деп ойлай бастадым. «X-Factor Kazakhstan», «Қазақстан дауысы», «I'am a singer» ән байқауларына қатыстым. Осылайша тәжірибе жинақтай бастадым. 2017 жылы «Қазақстан дауысының» финалдық шоуының жеңімпазы атандым», - деді Дінмұхамед Дәулетов.

«Қазақстан дауысы» шоуында жеңіске жеткен соң Димаш Дәулетов Т.Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясына «эстрадалық вокал» бойынша оқуға түседі. Мұнда 4 жыл оқып, білім алды.
«Өнер академиясын былтыр бітірдім. Биыл шетелде өтетін ауқымды байқауға, атап айтқанда, «Украина дауысы» шоуына қатысқым келді. Мен бұл шоуды бірнеше жыл бойы қарап, өзімді осы сахнада елестететінмін. Мен қатты дайындалдым «, - деді жас әнші.
«Украина дауысы» шоуының тыңдалымында төрт тәлімгер де Димаш Дәулетовке бұрылды.
«Мен украиналық әнші Оля Полякованы таңдадым. Себебі, ол маған ең бірінші болып бұрылды. Мен тәлімгерлердің реакцияларына көбірек назар аудардым. Маған Оляның эмоциялары мен реакциясы ұнады. Сондықтан көп ойланбай мен оның командасына баруды шештім «, - деді ол.
Димаштың өмірлік қағидасы – армандау, мақсат қою және оған қалай болса да жету. Ол Bruno Mars, The Weekend, Монатика, Алексей Чумаковты тыңдағанды ұнатады.
Болашақта өзінің тректерін жазып, альбомдарын шығарып, бүкіл Қазақстанды гастрольдік сапармен аралауды жоспарлап отыр.