Димаш қатысқан жоба қазақ тілінде көрсетіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Димаш бағын сынап жатқан Қытайдың «Singer-2017» жобасы Хабар арнасынан қазақша шығатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Димаштың ресми өкілі Алпамыс Шәрімов Инстаграм аккаунтына жазды.
«I am singer» жобасының қазақша нұсқасын басынан бастап 1 сәуірден Хабар телеарнасынан көретін мүмкіндігіңіз бар. Ең бастысы, жобаның финалын тікелей эфирден барлық қазақстандықтар отандық телеарнадан тамашалайды», - деп жазды Алпамыс Шәрімов.
Трансляция 1 сәуір күші сағат 17.00-де болады.
Айта кетейік, Димаш байқаудың 10 кезеңінен өтіп, ақтық сынға жолдама алды .