Димаш Қазақстан әнұранын шырқаудың ең үздік үлгісін көрсетті – Малайзия әуежайының қызметкері эксклюзивті сұхбат берді

малайзиялық
Коллаж: Kazinform/видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Куала-Лумпур әуежайында Қазақстан әнұранын шырқаған дүкен қызметкерінің видеосы TikTok желісіне кеңінен тараған еді. Қоғам мұны «Димаштың әсері» деп бағалады. Осы орайда Kazinform агенттігі 32 жастағы Азизи Замхариді тауып, Қазақстан туралы ой-пікірін сұрады.

«Малайзияның Мири қаласында туғанмын. Куала-Лумпурда Малайзия университетінде қолданбалы химия бакалавры дәрежесін алдым. Қазіргі уақытта Куала-Лумпур халықаралық әуежайының Duty Free аймағында сату бойынша кеңесшімін. Вокалмен кәсіби түрде айналыспаймын. Күнделікті жұмыста немесе үйімде әндетіп жүремін және шетелдік әнұрандарды дұрыс шырқау үшін әріптердің қалай дыбысталатынын зерттеймін», - дейді Азизи Kazinform агенттігіне берген сұхбатында. 

малайзия
Фото жеке архивінен

Азизи 15 жасынан бастап әлемнің түрлі елдерінің әнұрандарын жаттауды әдетке айналдырған. Қазірге дейін 40-тан астам елдің әнұранын үйренді. 

«Қазақстан әнұранын 2014 жылы YouTube желісінен таптым. Кейінірек Димашты тани бастадық. Меніңше, Димаштың орындауы – Қазақстан әнұранын шырқаудың ең үздік үлгісі. Және мен оның стиліне еліктеймін. Жақында Spotify желісінен Димаштың «Smoke» әнін тыңдадым. Дауысы ғажап», - деді ол. 

Азизи Қазақстанда TikTok желісінде тараған вирусты бейнеролик жөнінде пікір білдірді және таңданысын жасырмады. 

«Әуежай менеджері мені Қазақстан елшілігі іздеп жатқанын, видеомның кең таралып кеткенін айтқанда, расында да таң қалдым. Оған дейін де Қазақстан туралы – географиясы, саясаты, тағамдары және тарихы туралы көп оқығанмын. Мен үшін Қазақстан – «жасырынып жатқан інжу-маржаны» мол орасан зор ел және оның туристік әлеуеті үлкен. Менің көптеген отандастарым Қазақстанға қыдырып барған. Маған әзірге жол түспеді, бірақ Қазақстанға барғым келеді, қазақша еттің дәмі қандай екен деп ойлаймын (күлді). Қазақстанның әнұраны сіздің еліңізді тамаша сипаттайды деп ойлаймын. Бұл сапар өмірімдегі ең ғажап сәттердің бірі боларына сенімдімін», - дейді малайзиялық тыңдарман. 

малайзия
Фото жеке архивінен

Сонымен бірге, Азизи Алматы мен Куала-Лумпур әуе рейсі ашылғанын, екі ел арасындағы жолаушылар ағыны көбейгенін атап өтті. 

«Малайзияның үлкен әуежайында әртүрлі адамдармен тілдесу мүмкіндігі бар. Сөйлесу аясы кеңейген сайын үйренетін әнұрандар да көбейе түседі. Бәрін қалай есіңде сақтайсың деп сұрап жатады. Ұмытып қалмау үшін қайталап тұру керек. Үнемі ізденіп, үнемі жаңа дүниелерді оқуға тырысамын», - дейді Азизи Замхари. 

Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың әнұранын айтып жүрген Димаштың шетелдік жанкүйерлері жайлы пікір білдірген еді.

Биыл жаңа жыл мерекесінде Димаш Құдайберген Ақордада Ақордада симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен әнұранымызды шырқаған болатын. 

малайзия
Фото жеке архивінен

 

Соңғы жаңалықтар