Димаш Құдайберген әлемдік деңгейдегі қай әншімен дуэт айтқысы келеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Отандық әнші әлемге танымал қай әншімен бірге өнер көрсеткісі келетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің бала кезден келе жатқан бір арманым бар, ол - америкалық әлемге танымал әнші Селин Дионмен бір сахнада өнер көрсетіп, бірге ән айту», - деді Д. Құдайберген.
Сондай-ақ, әнші күніне қанша уақытын әлеуметтік желіге жұмсайтыны жөнінде де тілге тиек етті.
«Шетелде жиі болатындықтан, Қазақстандағы оқиғалардан хабардар болу үшін әлеуметтік желілерге кіріп тұрамын. Әйтпесе, арнайы уақыт бөліп отырамын деп айта алмаймын. Сол, күніне 1 сағат уақыт жеткілікті» , - деді ол.
Одан бөлек, жас әнші бір күннен кейін өтетін концертінің дайындық барысы туралы сөз етті.
«Шынымды айтсам, маған шетелде концерт беру оңайлау. Себебі, өз еліміздегі концерт ата-анам мен жақындарымның, ұстаздарымның қатысуымен өтеді. Мен ол кісілердің уайымын сезіп отырамын. Және олардың маған артқан үмітін дұрыс ақтай аламын ба деген қобалжу болады», - дейді Д.Құдайберген.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жас әнші жеке концертінде көптеген жаңа туындылардың орындалатынын мәлім еткен болатын.