Димаш Құдайберген Анкарада түркі әлемінің өнер жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетті

АСТАНА.KAZINFORM — 28 қазанда Анкарада Түркия Республикасының құрылғанына 103 жыл толуына орай Түркі мемлекеттері ұйымы ұйымдастырған мәдени іс-шаралар аясында «Grand Arena Concert» атты концерт өтті. Ауқымды музыкалық кеште Түркия Президенттік симфониялық оркестрі мен түркі әлемінің таңдаулы классикалық вокал орындаушылары бас қосты. Бұл туралы dimashnews жазды.

Димаш Құдайберген Анкарада түркі әлемінің өнер жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетті
Фото: Kazinform

Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі, ТҮРКСОЙ ұйымының жоғары марапаты — «Түркі әлемінің мәдениет елшісі» орденінің иегері Димаш Құдайберген концертке арнайы шақырылған құрметті қонақ ретінде қатысты.

Димаш Құдайберген Анкарада түркі әлемінің өнер жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетті
Фото: Kazinform

Дирижер Джеми Джан Делиорманның жетекшілігімен Түркия Президенттік симфониялық оркестрі әлемдік классикалық музыка мұрасының танымал туындыларын орындады. «Ankara Arena» сахнасында Нино Ротаның «Parla più piano», Джузеппе Вердидің «Травиата» операсынан «Brindisi», Латиф Хамидидің «Бұлбұл» шығармалары және басқа да әйгілі музыкалық туындылар шырқалды.

Концертте сопрано Зарина Алтынбаева мен Салтанат Дәулетханова (Қазақстан), тенор Мұрат Карахан мен сопрано Берил Йөрекли Эл (Түркия), тенор Атаджан Бердиев (Түрікменстан), сопрано Заира Раимбекова (Қырғызстан), тенор Умид Шавкат Угли (Өзбекстан) және тенор Рамиль Гасымов (Әзербайжан) өнер көрсетті.

Димаш Құдайберген Анкарада түркі әлемінің өнер жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетті
Фото: Kazinform

Димаш Құдайберген Түркия Президенттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өзінің «Ұмытылмас күн» атты авторлық композициясын қазақ тілінде орындап, әлемдік рок музыкасының классикасы саналатын Queen тобының «The Show Must Go On» туындысын көпшілік назарына ұсынды.

Сонымен қатар қазақстандық әнші танымал түрік диджейі Бурак Йетермен бірлесіп жазған «Weekend» композициясын және жуырда тұсауы кесілген, түрік тіліндегі алғашқы авторлық әні «Yazgı» туындысын орындады.

Димаш Құдайберген Анкарада түркі әлемінің өнер жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетті
Фото: Kazinform

Димаштың сахнадағы өнерін кешке жиналған көрермендер ыстық ықыласпен қарсы алып, үздіксіз қолдау көрсетті. Әнші көрермендермен қазақ, ағылшын және түрік тілдерінде амандасып, алғысын білдіре отырып, бауырлас түрік халқының алдында өнер көрсетуді зор қуаныш әрі мәртебе санайтынын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Димаштың концерттері қарсаңында Мехикода арнайы автобус қатынай бастағанын жаздық.