Димаш Құдайберген Қытайдың Синьхуа агенттігіне сұхбат берді
Қытайдың Синьхуа агенттігіне Димаш: «Мен музыка арқылы екі елдің мәдениетін жақындастырып, халықтарымыз арасындағы достықты нығайтқым келеді», - деп сұхбат берді.
Танымалдық
«Оның бойынан Ұлы дала мінезі, қазақ халқының мәдениеті есіп тұрады. Бұл әрине, қытайлық көрермендердің қызығушылығын оятты», - деді Қазақстандағы Қытай елшісі Чжан Ханьхуэй Қытайда өткен «Мен әншімін-2017» кәсіби әншілер байқауының жүлдегері 22 жастағы Димаш Құдайбергеннің өнеріне баға бере отырып. Ең жас қатысушы бола тұра, Димаш тек сянгандық танымал әнші Линь Илянге жол беріп, екінші орын алды.
Байқау өткен бірнеше айдың ішінде Қытай мен Қазақстанда және өзге де мемлекеттерде қазақстандық әншінің миллиондаған табынушылары пайда болды. Қытай музыкалық қауымдастығы Димаштың шығармашылығын ерекше бағалады, ол «Азияның танымал әншісі» номинациясы бойынша беделді Top Chinese Music Awards жүлдесін жеңіп алды.
Қазақстанда Димашты ел мақтанышы деп атайды. «Ол халқымыздың мәдениетін айдай әлемге танытты. Бұл нағыз күш», - деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бірегей дауыс, мінез, қытайлық продюсерлердің кәсібилігі, қытайлық көрермендердің өнерді бағалай алуы, дамыған әлеуметтік желі және өзге де көптеген факторлар жас орындаушының танымал болуына септігін тигізді деп жазылып жүр.
Сондай-ақ, фанаттарды әншінің қазақ халқының мәдениетіне деген ерекше махаббаты, оны әлемге танытсам деген ынта-ықыласы сүйсінтті. Байқау кезеңдерінің бірінде Димаш қазақтың халық әні «Дайдидауды» орындап, нөмірді «Адай» күйімен бастады.
«Тыңдармандар бейтаныс ән айтылғанда тосырқап қалмады, керісінше тез әрі оңай қабылдады. Қалың жұртшылық бұл әнге қызығушылық танытты», - деді Димаш. Оның айтуынша, бұл әншіге «музыкада шек жоқ екенін тағы бір рет ұғынуға мүмкіндік берді».
Өзара қызығушылық
«Димаштың арқасында, оның туып-өскен елі туралы көбірек білгім келеді», - дейді 19 жастағы қытай қызы Лу Лу. Талантты, сондай-ақ өте сыпайы әнші қытайлықтардың, әсіресе жастардың Қазақстанға деген қызығушылықтарын оятты.
Дегенмен, мұндай қызығушылықты біржақты деп айта алмас едік.
«Қазақстандық орындаушыны көршілес елдің лайықты бағалауы Қытайдың да қазақ қоғамында жылы қабылдануына ықпал етті», - деп пікір білдірді халықаралық қатынастар бойынша қазақстандық сарапшы Данияр Қосназаров.
Ол «Жібек жолының экономикалық белдеуі» іске қосылған соң, Қазақстан мен Қытай қарым-қатынастарының кеңейе түскенін атап өтті. Екі елдің жоғары оқу орындары, сараптамалық орталықтар, жергілікті билік органдары, музейлер және шығармашылық ұйымдар деңгейінде өзара әрекеттестік пайда болды. «Мұндай әртараптандырылған өзара әрекеттестік көбейген сайын, мемлекетаралық қарым-қатынастар да нығая түседі», - деп жазды ол «Власть» интернет-журналына.
Еске сала кетсек, 2013 жылдың қыркүйек айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Жібек жолының экономикалық белдеуін құруды ұсынды. Бір жылдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын ұсынды. Екі ел «Белдеу мен жол» бастамасын «Нұрлы жол» бағдарламасымен тоғыстыруға кірісіп кетті.
17 сәуір күні Бейжіңде өткен Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнатудың 25 жылдығына арналған концерт «Жарқын Жібек жолындағы кездесу» деп аталды. Онда Димаш Құдайберген мен өзге де танымал қазақстандық орындаушылар Қытай теле және радиотаратуының симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетті.
Қытаймен танысу
Бұған дейін «Әнші» байқауына қатысып жүрген қазақстандық әнші Чэндуге (Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясының әкімшілік орталығы) барып, қытай мәдениетінің сұлулығы мен бірегейлігін сақтауға шақыратын «Мен Қытайдамын» жобасының ресми өкілі атанды. Әнші пандалармен «тілдесіп», Чэндудың мәдени ерекшеліктерімен таныс болды және сычуандық хогодан (қытайлық самаурын) дәм татты.
Айтпақшы, Димаш ащы тағамдарды ұнататынын, көптеген қытайлық тағамдарды сүйсініп жейтінін айтты. «Мен қытайлықтардың дөңгеленген үстелге бір мезгілде бірнеше тағамды қоятынын, бір отырғанда бірнеше тағамның дәмін көруге болатынын білемін. Бұл өте қызықты. Әдетте бізде бірінші тағамды жеп болған соң, екіншісін әкеледі. Қытайда ешқандай реттілік сақталмайды, кез келген тағамды аз-аздан жеп көріп, тойып қаламын», - деп Димаш қытайлық асхана туралы әсерлерімен бөлісті.
«Біздің елдердің мәдениеттері әр түрлі, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Қытайлықтармен етене араласып, олардың қонақжайлылығын, байыптылығын, сыпайылығы мен өзге де тамаша қасиеттерін көргенім үшін өзімді бақытты санаймын», - деді ол.
Жоспарлары туралы
Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Димаштың жеке концерті өтеді. Бұл концерт оның Қазақстандағы және әлемнің өзге елдеріндегі концерттік турының бастамасы болмақ.
«Қытайға концерттік турмен баруды асыға күтіп жүрмін. Бұл тілегім жақын арада орындаларына үміттенемін», - деп толықтырды Димаш.