Димаш Құдайбергеннің бұрынғы менеджері «J1-Jastar1» арнасының продюсері болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әнші Димаш Құдайбергеннің бұрынғы менеджері Алпамыс Шәрімов қазақстандық жастарға арнағлан «J1-Jastar1» телеарнасының креативті продюсері болып барды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Айта кетсек, «J1-Jastar1» телеарнасы Қазақстан жастарының талаптарын қанағаттандыратын заманауи телевизиялық трендтерді тарататын, жастардың жобаларын, ой-пікірлерін қолдауға, сонымен қатар олардың арасындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жаңа форматтағы арна. Телеарна 2018 жылдың 28 наурызында ID TV платформасында, Ютуб пен Инстаграм әлеуметтік желілерінде іске қосылды. Болашақта Отау ТВ кабель жүйесі арқылы тарату жоспарланып отыр.
«Менің өзім жастар категориясына кіретін адаммын. Жасым 26-да. Осы арнаға келіп, еңбек жолымды жалғастырып келе жатқаныма қуаныштымын. Себебі, бұл біздің алаң. Осы алаңда еркін қызмет ете білу - мен үшін үлкен мүмкіндік. Трендте қазір не бар? Тренд - жастардың барлығының бас қосып ойлап табатын дүниесі. Бізге келген адамдардың барлығы да жастар. Бұл жастар таныстықпен емес, кастинг бойынша келген өрендер», - дейді Алпамыс Шәрімов ОКҚ-да өткен телеарнаның тұсаукесерінде.
Оның айтуынша, Батысты немесе Шығысты, мәселен Қытайды алып қарайтын болсақ, телеарнаның барлығы мүмкіндігінше кез келген адамның «қолында» жүреді.
«Сол секілді Ютуб арқылы біздің арнаны тамашалай аласыздар. Бұл біздің басты ұстанып отырған техникалық мүмкіншіліктеріміз. Сонымен қатар, арнаның логотипі туралы айтып өтсем. Біздің логотипіміздің өзі ақ түсті. Жастар - олар пәктіктің белгісі. Жастар еркін. Логотипте төменгі жағы - ілмек, ілгіш болса, жоғарғы жағы - бағыт-бағдар көрсетеді. Яғни, жастарды іліп алып, оларды биікке бағыттауды басты мақсат етіп алдық. Жастар бүгінгі таңда жеңіл ойлы емес, әртүрлі. Арна ұжымы әрбір жастың ойымен санаса отырып, ортақ жастардың қалауымен шығатын үлкен алаң құруды мақсат тұтып отыр. Бәріңізді «J1-Jastar1» телеарнасын көруге шақырамын», - деді ол.
Алпамыс Шәрімов телеарнаға бас директор Ілияс Башарұлының шақыртуымен келгенін айтады.
«Жалпы, менің салам - телевизия саласы. Телевизияда бірінші рет еңбек еткелі отырған жоқпын. Бұдан бұрын «Шетелдегі қазақ баласы» жобасы, жоғарғы рейтинг жинаған Нұрлан Қоянбаевпен бірге «Түнгі студия» жобасында, «Сіз не дейсіз», «Hello Қазақстан» сияқты жобалардың продюссері болдым. Өзімнің өмірлік тәжірибем - осы телевизия. Сондықтан, осы бағыттан кете алмаймын», - дейді продссер.
Фото: stan.kz