Димаш Құдайбергеннің әні Польша чартында бір жыл бойы көш бастап тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Димаш Құдайбергеннің «Love’s Not Over Yet» композициясы Radio Olsztyn (Польша) хит-парадында 52 апта бойы бірінші орында тұр. Бұл туралы dimashnews.com сайты жазды.
Осы кезең ішінде композиция тек бір рет қана көшбасшылықты уақытша жоғалтып, бір аптаға екінші орынға түсіп қалып, кейін қайта рейтингтің жоғарғы сатысына оралған. Чарттың шыңында ұзақ уақыт бойы тұрақтауы сәтті туынды болуынан ғана емес, сонымен қатар польша тыңдармандары тарапынан көрсетілген айрықша қолдауды да айғақтайды.
Хит-парад архивіндегі «1. Bez zmian. 52 tydzień na liście» деген атау «1. Өзгеріссіз. Тізімдегі 52-апта» деп аударылады. Бұл композицияның рейтингтің ең жоғары сатысында рекордтық мерзім бойы тұрғанын дәлелдейді.
Еске сала кетейік, Түркістанда түсірілген халықаралық тележоба 100 млн-нан аса қаралым жинаған болатын. Былтыр ол атқарушы продюсерлік ететін «Voice Beyond Horizon» халықаралық музыкалық шоуының түсірілімі басталған болатын.