Димаш Құдайбергеннің ең үлкен арманы қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ әншісі Димаш Құдайберген Перудің Latina Noticias телеарнасына сұхбат беріп, өзінің басты арманы, концертке дайындығы және Лима қаласында өтетін алдағы концерті туралы әңгімеледі, деп хабарлайды DimashNews.

Димаш Кудайберген рассказал о своей главной миссии в интервью перуанскому телевидению
Фото: DimashNews

Сұхбат барысында Димаш перулік әнші Има Сумактың шығармашылығына ерекше құрметпен қарайтынын жеткізді. 

Оның айтуынша, осыдан көп жыл бұрын өнер иесі Алматыда концерт беріп, сол кезде қазақстандық опера әншісі Бибігүл Төлегеновамен кездескен.

Сондай-ақ, музыкант Перудің танымал әншісі Ева Айльонмен таныстығын еске алды. Екеуі алғаш рет Нью-Йоркте өткен Димаштың концерті кезінде кездескен.

Шығармашылығынан бөлек, халықтың есінде немен қалғысы келетіні туралы сұраққа жауап берген әнші өзінің ең үлкен арманы – соғыссыз әлем екенін айтты.

– Көрермендер алдында өнер көрсету – адамдарға соғыссыз әлемнің маңызын еске салуға берілген үлкен мүмкіндік. Бұл – менің ең үлкен арманым. Қазір біз осында отырып, сұхбат жасап жатырмыз, кейін тамақтанып, бақытты өмірімізді жалғастырамыз. Ал дәл осы уақытта планетаның басқа бөлігінде көптеген адам қаза тауып, қаншама бала көз жұмады. Бұл – өте қорқынышты жағдай... Менің ойымша, адамдарға соғыссыз әлем туралы еске салу – менің басты миссиям, - деді өнер иесі.

Әнші концертке дайындық барысының ерекшеліктерін де айтып берді.

Оның айтуынша, концертке бірнеше күн қалғанда алдағы өнер көрсетуіне барынша көңіл бөлу және психологиялық тұрғыдан дайындалу үшін серуендеу мен адамдармен араласуды шектейді.

– Концертке бір күн қалғанда мүлде сөйлеспеуге тырысамын. Концерт күні ерте оянып, бір сағат бойы бірнеше вокалдық жаттығу жасаймын. Содан кейін қайтадан тыныштық сақтаймын. Түстен кейін тағы бірнеше жаттығу жасап, қайтадан үнсіз қаламын. Сахнаға шығар алдында да шамамен 20 минуттық шағын жаттығулар орындаймын, - деді Димаш.

Ал Лима қаласында өтетін алдағы концерті туралы айтқан қазақстандық әнші бағдарламада түрлі музыкалық жанрлар мен стильдер тоғысатынын атап өтті. Концерттің негізгі тақырыптары адамгершілік, өмір, сондай-ақ адам болмысының күнгей және көлеңкелі тұстары болмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Перулік отбасы ұлына Димаштың есімін бергенін жазғанбыз.