Димаш Құдайбергенов: 17 миллион халық жеңісімді күтіп отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Чаңша қаласында өтіп жатқан «Singer 2017» ән байқауының екінші кезеңі басталар алдында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеновке қатысты бейнематериал көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қытай телеарнасына берген сұхбаты барысында Димаш Құдайбергенов ата-анасы қазақтың салт-дәстүрін ұстанатындығын атап өткен. «Ол кісілер музыкаға деген ынтамды, махаббатымды көре алды. Анам аяғының ауыратынына қарамастан 5 жасымнан музыка мектебіне алып баратын. Аяғында артриті болса да екі сағат күтіп тұратын. Фортепианоға апарды, одан кейін балалар арасындағы түрлі байқауларға қатыстырды. Ең алдымен, Алла тағаланың бергені, екіншіден, ата-анамның әнші болғаны мен үші зор бақыт еді», - деді ол.
Сондай-ақ бейнематериалда Димаштың анасы Светлана Айтбаеваның да шағын сұхбатынан үзінді берілді.
«Кішкентай кезінен ерінбей ізденіп, дайындала беретін. Дауысын сан құбылтып түрлі жаттығулар жасайтын. Соған сәйкес табиғи дауыс та шыңдала түседі. Әнді 4 октаваға дейінде еркін айтады», - деді Димаштың анасы.
Димаш Қытайдан хабар келгенге дейін де, хабар келгеннен кейін де және дәл қазіргі уақытта есеңгіреген күйде жүргенін айтты.
«Әр адам өзінше мықты, керемет, әдемі. Менің ойымдағысы - әнімді шырқау, қазақша ән айтып беру, көрерменнің қошеметіне бөлену. 17 миллион халық, одан кейін алыс, жақын шетелдегі тыңдарманның бәрі осыны күтіп отыр», - деді ол.
Сондай-ақ Димаштың анасымен телефон арқылы сөйлескен сәті көрсетілді. «Мама бұл жеңісімді папам екеуіңе арнаймын. Енді қиындау болуы мүмкін, бірінші аптада қонақ болдым. Енді үнемі қонақ болып жүре бермейсің ғой. Ең бастысы, сахнаға шығып, әнімді орындадым. Егер көрермен қолдайтын болса - 100 пайызға дайынмын», - деді ол.
Айта кетейік, Димаш Құдайбергенов бүгін кешқұрым өткен «Singer 2017» байқауының аталмыш екінші кезеңінде де сәтті өнер көрсетіп, кезекті рет бас жүлдеге ие болды. Ол ресейлік орындаушы Витастың «Опера №2» әнін орындады. Бұл жолы Димашқа қолдау білдіруге Қазақстаннан әкесі барды.
Димаш жобаның бірінші кезеңінде француздардың ең қиын композицияларының бірі әйгілі «SOS d'un terrien en détresse» әнін орындаған болатын.