Димаш осымен бесінші мәрте Нью-Йорктегі Таймс Скверде «ән салды»
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Димаштың жанкүйерлері осымен бесінші мәрте Нью-Йорктегі Times Square-дегі ең танымал TSX билбордтарының бірінде өздерінің сүйікті әртісін таныстырып жатыр, деп хабарлайды dimashnews.
Димаш пен Бурак Йетердің «Weekend» атты жаңа әніне арналған видеоны жасау мен іске қосуға Еуропа, Канада, Қытай, АҚШ және жапониялық Dears қатысты.
Бейнероликтің көрсетілімі Димаш DDAO халықаралық фан-клубының және DK Media World халықаралық редакциясының бастамасымен ұйымдастырылды.
Жоба қазақстандық әртістің бүкіл континенттерден келген жанкүйерлерінен белсенді қолдау тапты.
Димаш пен түрік музыканты Бурак Йетердің «Weekend» композициясы алғаш рет 6 мамырда Анталияда өткен концертте ұсынылды.
Шілде айында ән Сербиядағы EXIT 2023 және Румыниядағы ARAD Open AIR сияқты фестивальдерде шырқалған болатын.