Димаш туып-өскен жер және Ақтолағай: Ақтөбеге келген туристер қайда бара алады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеге келген шетелдіктер ел мақтанышы Димаш Құдайбергеннің туып-өскен үйіне, мектебі мен колледжіне барады. Сонымен бірге Ақтолағай борлы тауларын көреді. Kazinform Ақтөбенің үздік турмаршруттарын тізбектеді.
Димаш Құдайберген және ол өскен орта
Ақтөбе қаласына келетін шетелдік туристердің басым бөлігі әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері. Олар жыл мезгілін талғамайды және әнші өскен ортаны бар ықыласымен тамашалайды. Келушілер көбіне № 32 мектеп гимназиясына, А.Жұбанов атындағы музыкалық колледж бен алғаш еңбек еткен Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияға барады. Мектепте әнші жанкүйерлерін бастауыш сынып мұғалімі Клара Қажғалиева күтіп алады. Ұжым ұстаздары мен оқушылары өнерін көрсетіп, келушілер ыстық ықыласқа бөленеді.
Мұндағы мұражайда Димаш Құдайбергеннің фотосуреттері мен сынып журналы сақтаулы тұр.
Фанклуб мүшелерінің кәдесыйлары да бар.
Сонымен бірге туристер әншінің өз үйіне барады. Айтбаевтардың баспанасы қазір фанклуб мүшелері жиналатын орынға айналды. Турмаршрутты ұйымдастыру еш қиын емес. Себебі барар орындардың бәрі бір-біріне жақын орналасқан.
Ақтолағай мен Аққұм-Сағыз
Шетелдік туристер Ақтөбе жеріндегі Ақтолағай борлы тауына қызығады. Бұл мекен Маңғыстаудағы Бозжырадан кем емес. Тек барар жолына асфальт төселмеген.
— Ақтолағай — Ақтөбе облысы Байғанин ауданында орналасқан тау жотасы, мұхиттың түбі. Дәлел — акулалардың тісі, әр қадамда кездесетін кит омыртқалары, тасбақалардың, мұхит кірпілерінің қабықтары, ұлутас. Үстірттің ұзындығы — 90 км, ені 5 — 10 км. Ең биік Нартөбе нүктесінің биіктігі — 302 метр. Батыс беткейі тік, жыра және жартас. Терісаққан өзені дәл осы Ақтолағайдан бастау алады. Жергілікті тұрғындар Ақтолағайды ашық аспан астындағы мұражай, кейбірі Алатау деп атайды. Мұнда арыстан, титаник, шахмат ханшайымы, түйе, тасбақа, пирамида, сфинкс, киіз үй, пирамидалардың мүсінін көруге болады. Тіпті, Құрманғазының «Алатау» күйі осы шатқалға арналған деп айтады. Тағы бір кереметі күн сәулесі түскенде үстірт өзінің түсін үш рет өзгертеді. Таңертең сарғыш, күндіз ақ, ал кешке көкшіл түске айналады, — деді «Vizit Aqtobe» туристік ақпараттық орталығының баспасөз хатшысы Назымай Есболсынова.
Қазіргі кезде жергілікті турагенттіктер Ақтолағайға деп бір маршрут әзірледі. Құны — 25 500 теңге. Екі мезгіл тамақ беріп, гид қызмет көрсетеді. Көлік те шағын топқа арналған. Ал Аққұм-Сағыз бағыты жазда сұранысқа ие.
— Аққұм да Байғанин ауданы Алтай батыр ауылындағы Сағыз өзенінің оң жағалауында орналасқан. Ұзындығы 40, ені 15 шақырым. Жануарлар әлемінен ор қоян, қарсақ, секіргіш қосаяқ, шағыл мысығы және тағы да басқа аң-құс мекендейді, — деді Назымай Есболсынова.
Келушілер Алтай батыр ауылындағы артезианнан су ішеді. Бұл ауылда егіздер көп.
Қасқыр сарқырамасы мен Қарғалы су қоймасы
Бұл екі мекен Қарғалы ауданында орналасқан. Қасқыр сарқырамасы көктемде екі ай ғана туристерді өзіне тарта алады. Кейін адамдар Қарғалы су қоймасы жағасында демалады. Туристік агенттіктер сарқырама маршрутын 10 000 теңгеге ұйымдастырады. Әр адам барып, көруге тұрарлық мекен. Мұнда сенбі, жексенбі күндері адам көп жиналады және бұл орынды жалға алған кәсіпкер бірнеше киіз үй тігіп, жайлы жағдай жасауға әзір. Атқа мініп, қайықпен серуендеге болады.
— Қарғалы су қоймасы Ақтөбе қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан.
Ол 1975 жылы іске қосылды. Су қоймасының сыйымдылығы — 500 — 600 млн текше метр. Тереңдігі кей тұста 31,8 метрге жетеді. Қазіргі уақытта Қарғалы су қоймасының жағасында Qargaly Eco Resort демалыс аймағының құрылысы жүріп жатыр. Ал Қасқыр сарқырамасы орталықтан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Сарқырама өткен ғасырдың 70-жылдарында Эбита өзенінің шатқалында үлкен Ащылысай теңізінен су бұру, яғни, еріген мұздықтардан жасанды су ағызу туралы шешім қабылданған кезде адам қолымен жасалған. Аңызға сүйенсек, қасқыр әр түн сайын суға ағып кеткен күшіктерін іздейді. Сондықтан да кейбір туристер ұлыған дауысты естігенін айтады. Ең тиімді уақыт — сәуірдің аяғынан маусымның аяғына дейін, — деп ақпарат берді баспасөз қызметі.
Қобда — батырлар мекені
Ақтөбеге келген туристер жиі баратын орын — Алға ауданындағы Есет батыр кесенесі. Бұл жаққа 8 500 теңгеге барып келуге болады. Сонымен бірге Бестамақ ауылына барып, әрі қарай такси жалдайтын адамдар да бар. Одан кейін батырлар мекені Қобдаға аялдайды. Мұнда Абат Байтақ кесенесі, Қобыланды батыр мемориалды кешені мен Әлия Молдағұлованың туған ауылы бар. Турмаршрут құны — 17 900 теңге. Егер өзіңіз тамақтансаңыз 11 900 теңге болады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қобда ауданындағы Абат Байтақ қорымына 2013 жылы түнек үйі салынған. Қорымды малдан қорғау үшін арнайы қоршауға алынды. Мұнда студенттер мен оқушылар жиі келеді. Өңірге келген қонақтар да арнайы келіп, құран бағыштауды әдетке айналдырған.
Қобыланды батыр кесенесі Жиренқопа ауылында орналасқан. Шекара маңындағы ауылға да оқушылар жиі барады. Ал Әлия Молдағұлова туған Бұлақ ауылы облыс орталығына жақын. Мұнда шағын мұражайын тамашалап, келушілер Әлия ауылына барады. «Әлия» патриоттық орталығында да мұражай бар. Әрі ескерткішіне гүл қойып, тағзым етеді.
Орқаш орманы, Мәртөктегі аққайың мен Ырғыздағы резерват
Ақтөбе еліміздегі жер көлемі ең үлкен өңір болғандықтан туристік маршруттар да бір-бірінен қашық орналасқан. Мәселен, Орқаш орманы Мұғалжар ауданында жатыр.
— Кең даланың ортасында қайың, көктерек өсіп тұр. Долана мен итмұрын бұталары, шөптің бірнеше түрі бар. Қара кезқұйрық, көксары, ақсары, дала қыраны, ақиық мекендейді. Орманның жанында тағы бір керемет жер — тас үйінділерінің композициясы, — деді «Vizit Aqtobe» туристік ақпараттық орталығының баспасөз хатшысы Назымай Есболсынова.
Ал Мәртөктегі аққайың орманына бару үшін туристер 12 000 теңге төлейді. Табиғат аясын шыққан туристер түскі ас ішіп, ойнап, фотоға түсіп келеді.
Тағы бір мекен — Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты. Мұнда ақбөкен мекендейді. Қызыл кітапқа енген қызғалдақты да кездестіруге болады. Ырғыз- Торғай көлдер жүйесі арқылы көктемде құстар Шығыс Сібір, Батыс Еуропа, ал күзде оңтүстік өлкелер мен Үндістан, Пәкістанға ұшып өтеді. Табиғи аймақта құстың 250 түрі кездеседі, оның 34-і еліміздегі Қызыл кітапқа енген. Қызмет тарифі: 9 адамдық шағын автобуспен 100 шақырым жүрсе 12 975 теңге. Келушілер шатырға 432 теңге, жатын қапқа 865 теңге, қайыққа 4 325 теңге төлейді. Киіз үйді тәулігіне 12 975 теңгеге жалға береді. Егер аумаққа жеңіл көлік кірсе 3 075 теңге төлейді. 16 орындық автобустарға — 6 487 теңге.
Еске салсақ, осыдан бұрын ЮНЕСКО тізіміндегі Катонқарағай, Имантау-Шалқар туризм аймағы мақала жариялағанбыз.