Димаштың ізбасары Астана Операда өнер көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 21 ақпан күні «Астана Опера» театры Карл Орфтың атақты «Кармина Бурана» кантатасының театрландырылған нұсқасын қояды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Онда театрдың тенор партиясындағы ең жас әртісі - «Астана Опера» балалар студиясының солисі Қажымұрат Еркін алғаш рет сахна төріне шығады.

«Он жасар Қажымұрат қойылымға  толыққанды жеке нөмірімен солист ретінде қатысады. Жас әртіс бұрын Дж.Пуччинидің «Тоска» операсында Бақташы бала рөлін, «Богема» операсында солоны орындаған, аға буын әріптестерімен бірге түрлі концерттік бағдарламаларға қатысқан. Қазірдің өзінде Қажымұрат Еркін жоғары кәсібилігін, әртістігін, айрықша музыкалық қабілеттері мен зор әлеуетін көрсетуде», - деп жазды театрдың баспасөз қызметі.

Режиссер Наталья Кагадийдің айтуынша, Қажымұрат Еркін күрделі вокалдық партияны керемет игеріп қана қоймай, жаңа сахналық бейнені де алып шығуы тиіс. Мұндай тәжірибе өмірде бұрын-соңды болмаған, яғни тенорға арнап жазылған рөлді бала даусы орындамаған. 

К. Орфтың ең танымал шығармасы «Астана Опера» сахнасында симфониялық оркестр, хор, балалар хоры мен опера труппасы жетекші солистерінің орындауында шырқалады. Сопрано партиясын Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, баритон - халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Ғалеев ұсынады. Дирижер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, бас хормейстер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, режиссер - Наталья Кагадий, балалар студиясының жетекшісі - Алтынғаным Ахметова.

 «Бұл әдеттегі спектакль емес, мұнда музыка, сөз, бейнеқатар өзара үйлесім тапқан, сахнаның бірегей техникалық мүмкіндіктері қолданылған. Тыңдарман қауымға тағдырдың тауқыметі, Фортуна дөңгелегінің мәңгілік қозғалысы мен бастапқы нүктесіне қайта оралуы, адам өмірінің шарасыздық шеңбері туралы өсиет әңгіме ұсынылады. Айтылған оқиға көрермендерге өмірдің мәнін жаңаша түсінуге шабыттандырады, - деп өз сөзін түйіндеді Наталья Кагадий.

Соңғы жаңалықтар
telegram