Димаштың концерті: Қазақстан туралы қытайлықтар қандай пікір айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 маусым күні қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайбергеннің қазақ еліндегі ең алғашқы шоу концерті Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесі аясында өтті.
Бұл кешке Қазақстан мен алыс және жақын шетелдерден 30 мың әнсүйер қауым жиналды. Басқа елдің жанкүйерлерінің ішінде қытайлықтар мен ресейліктердің саны басым болғаны да белгілі. Ал концерттің ұйымдастырылу деңгейіне әр түрлі пікірлер айтылса да, шетелдік туристердің Димаштың өнеріне, Қазақстан, Астана және ЭКСПО көрмесіне деген ықыласы ерекше.
Төменде «ҚазАқпарат» ХАА Димаштың концертіне арнайы келген қытайлық туристердің Қазақстан жайлы пікірлерін ұсынады.
Димаш келісім шартқа отырған BGTalent (黑金经纪) продюсерлік орталығының негізін қалаушы әрі бас директоры Ние Синьюань (聂心远) «Бастау» концертіне арнайы келді. Ние мырза өзінің Weibo парақшасында «Көркем Астана, келесі кездескенше», «Естен кетпес күндер, қонақжай халық» және «Келесі кездескенше, періште дауысты Димаш, өте керемет кеш», - деген пікірлермен фотолар жариялады.
Қытайдың жұлдызы, Димаштың «Singer 2017» байқауындағы басты қарсыласы және «Бастау» ән кешінің құрметті қонағы Линь Чжисюань (Terry Lin): «Кеше Димаш өте жақсы өнер көрсетті. Мен оған қарап отырып, оны шын жүрегіммен мақтан тұттым», - деп жазды өзінің Weibo парақшасына.
Ал концертті тамашалау үшін арнайы Қытайдан келген жанкүйер бұған дейін Қазақстан туралы білмейтіндігін және бұл күнде Қазақстан мен Димаш қытайлар үшін бір ұғым болып кеткенін айтты. Сонымен қатар, Астана және Алматы қаласының, Бурабай және Шарын шатқалының әсем табиғаты қытайлықтарға ерекше әсер қалдырған.
«Біз Димаш Құбайбергенді ерекше құрметтейміз. Оның жүрген жерін көру үшін Қазақстандағы концертіне арнайы келдік. Маған Астана ерекше ұнады. Бұнда Бейжің қаласымен салыстырғанда ашық аспан, таза ауа. Азық-түлік сапасы және ұлттық тағамдардың дәмі ерекше. Концерт өте жоғары деңгейде өтті. Димаштың 2 сағат демалмай ән айтқанына іштей жүрегім ауырды, ол қатты шаршаған шығар деп ойлаймын. Бүгін Алматыдан Қытайға қайтамыз. Қонақ үйдің қызмет көрсету сапасы өте жоғары деңгейде, ортасы және тәбиғаты тамаша жерге орналасқан. Бұл саяхатым мен үшін ерекше болды», - дейді әншінің фанаты Тан Милиң.
Сондай-ақ, кей қытайлық қонақтар қазақстанда ұялы байланыс желісінің нашар екеніне шағымданды.
«4G интернеті деп көрсетіп тұр, әйтседе 3G жылдамдығында жұмыс істейді. Астанадан Алматыға барар жолда тіпті 2G интернетте, байланыста шықпай қалды», - деп жазды Ин Ючен атты жанкүйер weibo парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстанда әлеуметтік желілерде «Бастау» концертінің ұйымдастырылу деңгейінің Димашқа сай емес екендігі, әншіге шетелге барып өзін дамыту керек екендігі жайлы пікірлер айтылған болатын.