Дін әскерден бөлек болуы тиіс - С. Жанұзақов
А. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Дін әскерден бөлек болуы тиіс. Бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінде өткен алқа мәжілісі барысында журналистердің сауалына жауап берген Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерінің бас қолбасшысы, генерал лейтенант Сәкен Жанұзақов осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, заңнамалар мен заңнамалық актілер жұртшылық тарапынан сақталынуы үшін қабылданады. Сол секілді қорғаныс саласына келетін болсақ, бұнда борышты өтеуші сарбаз ең алдымен әскери жарғыны басшылыққа алады. Бұл жарғыда әскери қызметкердің міндеттері мен шарттары, тәртіптері нақты көрсетілген. Сондықтан да, кез келген сарбаз өзінің әскери борышын өтеуі барысында ешқандай да қиғаштыққа жол бермеуі керек, жауынгердің, офицердің әскери мәселеден басқа жағдайларға берілмеуі шарт. Отан қорғау бұл қасиетті азаматтық парыз. Осы парызды өтеу үшін, сарбаз бүкіл тәулік бойы әскери қызметте, қарауылда, полигонда, кезекшілікте болады, спорттық шараларға мойын бұрады. Сол үшін, менің ойымша солдат бір жыл бойы өзінің ел, Отан алдындағы борышын адал атқаруы керек. Армияда дінге деген басымдық болмауы, дін әскерден бөлек болуы тиіс», деді С. Жанұзақов.