Дін істері агенттігі салафиттік бағыттағы әдебиеттерге, аудио-видео өнімдеріне эксперттік сараптаманы күшейтуі керек- Қ. Мінуаров
АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Дін істері агенттігі тарапынан салафиттік бағытындағы әдебиеттерге, аудио-видео өнімдеріне деген эксперттік сараптаманы күшейту керек. Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен конференция барысында сөз сөйлеген «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб имамы Қуат Мінуаров осындай ұсыныс айтты.
«Екіншіден, араб елдерінде білім алып жатқан студент жастарды қадағалап, қажылық парыз өтеушілерге де осы бағытта дұрыс түсіндіру-семинар жұмыстарын жүргізген жөн. Үшіншіден, Ханафиттік бағытта оқыған білімді кадрларды көбейтіп, ханафиттің жүйемен жұмыс істеп отырған республикамыздағы барлық мешіт имамдарына кең қолдау көрсете білген дұрыс. Бұған себеп, бүгінгі күні деструктивті ағым өкілдерінің бір бас сұғатын жері - мешіттер, бетпе-бет келетіні -имамдар. Өкініштісі, олар мешіттерде талас-тартыс туғызып, көп жағдайда имамдарға бағынбайды. Тіпті қоқан-лоққы жасап, күш көрсететіндері де жоқ емес. Бұндай әсіре ағым өкілдерімен күрес нәтижелі болу үшін біржақты ғана емес, жан-жақты іс-шаралар жүзеге асуы тиіс. Сондықтан деструктивті ағым өкілдерімен жұмыс жүргізудің қиындығына сай мешіт қызметкерлеріне де қажетті мемлекеттік қолдау мұқтаждығы тууда», - деді Қ. Мінуаров.
Осы ретте дінтанушы лаңкестік пен діни экстремизмнің қай түрі де біздің қоғамға жат екенін, шынайы мұсылман адам ешқашан лаңкестікке бармайтынын, мойнына жазықсыз адамдардың қанын жүктемейтінін алға тартты.
«Қазақ елі сунниттік әрі ханафиттік мәзһаб негізінде, Матуруди ақидасына сай сан ғасырлардан бері салтын сақтап, дінін ұстанып келген. Тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, болашаққа қадам басқан алдағы уақытта да еліміз саяси тұрақтылығын шайқалтпай, діни келісім жарастығын құраған, әлем қауымдастығының алдында беделді, бейбітсүйгіш қалпынан танбақ емес», - деді Қ. Мінуаров.