Дін істері комитеті: 55 сайтқа Қазақстан аумағында таратылуына сотпен тосқауыл қойылды

«Елімізде дінтану сараптамасын жүргізудің толыққанды жүйесі қалыптастырылды және ол теріс сипаттағы діни әдебиеттердің елімізге таралуына айтарлықтай тосқауыл қойды. Жарты жылда барлығы 1322 нысанға дінтану сараптамасы жүргізіліп, 25 нысанға теріс қорытынды берілді»,-деді комитет басшысы.
Ғ. Шойкиннің сөзіне қарағанда, Интернет кеңістігінде діни-экстремистік және лаңкестік көріністердің таралуын шектеу бағытында 5 мыңға жуық сайтқа дінтану сараптамасы жүргізіліп, 177 материалға теріс қорытынды берілді. Атап айтқанда, 55 сайтқа Қазақстан аумағында таратылуына сотпен тосқауыл қойылды. Қалғандары сот органдарының қарауында.
Халықтың діни сауатын арттыру және радикалды идеяларға қарсы насихат жүргізу мақсатында ақпараттық-ағартушылық Е-islam ғаламтор ресурсы ашылды. Интернеттегі танымал әлеуметтік желілерде дін саласындағы өзекті мәселелерді түсіндіру жүйесі қалыптастырылды.