Дін істері министрлігі теріс ағым жетегіне ергендерді оңалтуда Мүфтиятқа жүгінеді

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз радикалды идеяларға қарсы іс-қимыл және теріс діни ағымдардың жетегінде жүрген діндар азаматтарды оңалту мәселелерінде ҚР Мұсылмандары діни басқармасымен өзара әрекеттістікті күшейтуді жоспарлап отырмыз»,- деп атап өтті ол.
Сонымен қатар министр жалпы дін саласында басты рөл ойнайтын - діни бірлесіктер, оның ішінде Мүфтият екендігін баса айтты.
«Мемлекет осы мақсатта мешіт қызметкерлерінің білім деңгейін көтеруге, оның қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және олардың өз жұмыстарын зайырлылық жағдайына бейімдеуіне қолғабыс ететін болады»,- деді Ермекбаев.
Жалпы, оның айтуына қарағанда, министрлік өз жұмысын үш бағытта жүргізетін болады.
Бірінші - дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, оның ішінде діни бірлесіктермен өзара әрекеттесу, азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын қамтамасыз ету. Екінші - мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара әрекеттесуінің дәрменді моделін орнату. Үшінші - пәрменді мемлекеттік жастар саясаты», - деді ол.