12:00, 14 Қаңтар 2009 | GMT +5
Дін мәселелерін реттейтін жаңа заң заман талабынан туындап отыр ? М.Бәшімов
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Дін мәселелерін реттейтін жаңа заңның қажеттігін өмір талап етіп отыр.
Ақпарат құралдарының өкілдері осыған дейін дінге қатысты азаматтардың құқықтарының шектеліп жатқандығын қанша мәрте айтып, көрсеткен болатын. Өзіміз де іртүрлі дін өкілдерінің түрлі әдебиеттер таратып, оларға мәжбүрлі түрде үгіт-насихат жасағандығының куәсі болдық. Дін мәселесіне қатысты жаңа заң жобасы осындай себептерден туындады. Бұл туралы бүгін Конституциялық кеңестің қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты журналистермен болған кездесуде, заң ғылымының докторы Марат Бәшімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның мәліметтеріне қарағанда, аталмыш құжатқа байланысты
осыған дейін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының өкілдерімен екі кездесу ұйымдастырылған. Оған заңгер ғалымдармен қатар қоғамдық ұйым өкілдері де атсалысқан. «Кездесулер барысында тараптар талқыланып отырған құжатқа байланысты Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының комментариін Қазақстандағы интернет сайттарының бірінде жариялайтын болып келісті. Өйткені заңға қатысты өзгерістер Парламенттің жоғарғы палатасында да төменгі палатасында да енгізіліп, халықаралық ұйым өкілдерінің талаптары назарға алынды», деді заңгер ғалым.Оның пікірінше, дінге қатысты мәселелерді реттеу заман талабына сай және Конституция талаптары бойынша жүргізілді. «Мұндай құжатты біз ғана емес, ТМД-ға мүше мемлекеттердің көпшілігі қабылдады. Олардың ең соңғысы Қырғызстан мемлекеті болып отыр», деді М.Бәшімов.