«Дін мемлекеттен бөлек болғанымен, қоғамнан бөлек емес» -республикалық басылымдарға шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Дін мемлекеттен бөлек болғанымен, қоғамнан бөлек емес» атты мақала басты. Аталмыш мақалаға кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғимаратында Дін істері агенттігі, Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктерінің бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақстан дінтанушыларының бірінші форумында көтерілген мәселелер арқау болған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Шейх Әбсаттар қажы Дербісәліні айтуынша, Дүние жүзінде ислам дінінде 4 мазхаб бар. «Мәлики мазхабын африкалық мұсылмандар ұстанса, шәфиғи мазхабын Мысыр, Малайзия, Индонезия және Қап тауындағы шешен бауырлар, ал ханбалиді Сауд Арабиясы, Парсы шығанағында тұратындар, біз ұстанатын ханафи мазхабын Үндістан, Пәкстан, Ауғанстан, Түркия мен Орталық Азия және бұрынғы Одақ шеңберіндегі мұсылмандар тұтады. «Осылардың ішінде біздің мазхаб, егер қазіргі заманауи тілмен айтсақ, демократиялығы басымдау мазхаб. Өзгелері қатал, біздікін абзалырақ деп санаймыз»,-дейді Бас мүфти.
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларда жеткен жетістіктерінің көрмесін тамашалады. Елбасы аймақ басшыларының өз өңірлеріндегі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуы жөніндегі есептерін тыңдап, арнайы экспозициялармен танысты. Бұл көрме аталған өңірлердің елордадағы күндеріне орай ұйымдастырылды. Онда Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко өз есебінде Мемлекет басшысына өңірдің 20 жылдағы әлеуметтік және экономикалық, сондай-ақ мәдени салалардағы жетістіктеріне жан-жақты тоқталды.
Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, тәуелсіздік жылдары ішінде өңір экономикасының барлық салаларының серпінді дамуы байқалған. Жалпы өңірлік өнім 1993 жылғы 2,3 млрд. теңгеден 2010 жылы 586 млрд. теңгеге дейін, яғни 255 есе өскен. Ақмола облысындағы индустриялық секторда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи жоғары технологиялық зауыттар мен фабрикалар құрылып, 20 ірі өндіріс қызметінің кескіні сақталған. Бұл мәліметтерден кеңірек қаныққыңыз келсе, «Аймақтар алған асулар» атты мақаланы қараңыз.
***
«Айқын» басылымы апталық санында «Алты судьяның төртеуі таза...» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, биылғы сәуірде Жоғарғы соттың 6 судьясы аяқ астынан қзметтерінен алынды. Тағылған айып өте ауыр - парақорлық, қызмет бабын асыра пайдалану. Осы оқиғадан кейін елдің онсыз да судьяларға деген солқылдақ сеніміне селкеу қалыңдай түсті. Арада алты айдай уақыт өткенде алтаудың арасындағы төрт судьяның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы анықталмағандығы айтылып жатыр.
Сондай-ақ осы басылым кеше ғана таратылған Парламент Мәжілісі мен оның келесі жылы өтетін сайлауына байланысты «Қимай кетіп барады...» және «Парламент неге тарқады?» атты тақырыппен бір бетке мақалалар жариялады. Басылымның жазуынша, алдағы дүйсенбіде өз еріктерімен тарқаған Мәжіліс депутаттары үшін Парламент ғимаратының есігі жабылады. «Бүгінгі жиналыста айтылғандай, оларды енді мұнда кіргізбейді. Егер осында келгісі келсе, тек шақырумен рұқсат беріледі. Бізді енді шақырмайтын да шығар»,-дейді 4-ші шақырылымның депутаты Ирак Елекеев.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Төрт жылдық тағдыры бар төртінші Мәжіліс таратылады» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, 2007 жылдың 1-ші қыркүйегінен бері төрт жыл екі жарым ай қызмет атқарған төртінші шақырылымдағы Мәжіліс кеше Президент Жарлығымен таратылып, 2012 жылдың 15-ші қаңтарына кезектен тыс ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы белгіленді.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, Тараз қаласында болған қанды оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігі ел аумағында барлық
қару-жарақ дүкендерін қатаң бақылауға алды. Республика бойынша орналасқан 97 дүкенге дабыл қағу шараларын күшейту міндеті қойылып отыр. Ал осы дүкен иелері мен оларды күзетіп жатқан қауіпсіздік фирмаларымен тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарияланған «Тәртіп сақшылары табельді қарумен жүретін болды» аты мақаладан кеңірек білуге болады.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысында елімізде бір мезгілде өтетін екі сайлау науқанымен байланысты мәселелер талқыланды. Отырыс барысында 5-ші шақырылған Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы келесі жылдың 15-ші қаңтарында өтетіндігі айтылды. Ал Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын депутаттардың сайлауы 2012 жылдың 16-ша қаңтарында өтеді. Осы сайлау науқандарына байланысты отырыста көтерілген мәселелерді «Стартовал электоральный процесс» атты мақаладан оқисыздар.