Дін мен тілге бөлмейтін Наурыз мейрамы тәуелсіздік жылдары ұлысты ұйыстыра түсті-Елбасы

АНА. 22 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Наурыз мейрамы» мерекесіне арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Мерекелік іс-шара Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңында өтті. ҚазАқпарат төменде Елбасының Астана тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінің мәтінін таратады.

Дін мен тілге бөлмейтін Наурыз мейрамы тәуелсіздік жылдары ұлысты ұйыстыра түсті-Елбасы

Қымбатты отандастар!

Халқымыз ұлы күнге балаған, жыл басы санаған жасампаз Наурыз - бірлік пен береке мейрамы.

Баршаңызды осы ұлағатты мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Дастарқанға ақ толатын, елімізге бақ қонатын бүгінгі арайлы шақты халқымыз Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтаған.

Күн мен түнді теңеген, іргемізді ізгілікке бөлеген Наурыз бүкіл адамзатқа шаттық сыйлайды.

Жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді.

Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ-жітікке жәрдемдескен.

Алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан.

Баршаңыз білесіздер, бабадан жеткен жыл қайыру дәстүрі бойынша, биыл қоян жылы кіреді.

Қоянды халқымыз қамба толатын молшылықтың нышаны деп санайды.

Қазақ елінің ғасырлар бойы аңсары болған қастерлі Тәуелсіздікке биыл 20 жыл толады.

Сондықтан бүгінгі шара Тәуелсіздік сарайы алдында, алтын самұрығы аспандаған «Қазақ елі» алаңында өтуде.

Қадірлі қауым!

Баршаңыз білесіздер, осыдан 20 жыл бұрын менің арнайы Жарлығыммен Наурыз мемлекеттік мереке ретінде алғаш атап өтілді.

Дін мен тілге бөлмейтін Наурыз мейрамы тәуелсіздік жылдары ұлысты ұйыстыра түсті.

Бүгінде ол үш күн бойы тойланатын еліміздегі ең үлкен мереке.

Ұлы өркениетімізден тамыр тартқан Ұлыстың ұлы күні ай мен күндей, әлемге бірдей адамзаттың ортақ қазынасына айналды.

Былтыр Біріккен ұлттар ұйымының Наурызды халықаралық мереке ретінде қабылдауы да сондықтан.

Сондықтан біз басты байлығымыз - берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Отанға деген шынайы сүйіспеншілік - мемлекеттік сананы орнықтырады.

Елдік рухы мықты халықтың бақыты қашанда баянды болады.

Сондықтан осындай игі дәстүрді ұрпақ бойына молынан сіңіруге тиіспіз.

Қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтаған еліміз ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығын толайым табыспен аяқтады.

Тарих үшін қысқа мерзімде біз ұланғайыр істер атқардық.

Он жыл ішінде ел экономикасын 12 есеге өсірдік, іргелі ел, жоралы жұрт қатарына қосылдық.

Мәдени мұрамызды түгендеп, ұлттық сананы нығайттық.

Қандастарымызды атамекенге жинадық.

Абылай аспас Арқаның сары беліне асқақ Астана қондырдық.

Бақ құсы ынтымақты елге қонады, бейбіт елде ғана береке болады.

Біз Қазақстан халқының ынтымағын сақтап, айнымас ауызбірлігімізді бекемдей түстік.

Биыл барша мұсылманның басын қосатын Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етеміз.

Бұл Еуропа төрінен төрелік айтып, айтулы Астана Саммитін өткізген еліміздің рухын тағы да асқақтата түседі.

Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асуда.

Алдымызда ұлан асулар, биік белестер тұр.

Жаңа онжылдықтағы мақсатымыз - айқын, бағдарымыз - анық.

Біз бекіткен 2020-шы жылға дейінгі Даму стратегиясы Қазақстан халқын жарқын болашаққа бастайды.

Қымбатты қазақстандықтар!

Отандастар!

Халқымыз қашанда жаңа жылдан жақсылық күтіп, келер күннен үмітін үзбеген.

Бүгінін болашағымен байланыстырып, бар ізгіліктің бастауын игі ниеттен іздеген.

Сондықтан, тіршілік жаңаратын Наурызда әр адам жақсылыққа ниет етуі тиіс.

Даласындай дархан халқымыз бүгінде Тәңірі берген табиғи жаңа жылын айрықша салтанатпен қарсы алады.

Алаңдарға кең пейілі мен адал ниетін білдіретін ақбоз үйлер тігеді.

Ендеше, жаңа жылды ізгі ниетпен қарсы алайық, ағайын!

Әз-Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болсын!

Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын!

Қоян жылы береке-бірлігімен келсін!

Мереке құтты болсын!

Астана, 22 наурыз 2011 жыл.