Дін саласын реттейтін жаңа заң жобасына сәйкес діни бірлестіктер өз мәртебелерін өзгерте алады - Қайрат Лама Шариф
ТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң жобасының талаптары бойынша діни бірлестіктер қолданыстағы заңнамаға сәйкес болған жағдайда өз мәртебелерін өзгерте алады»,
дейді ҚР Дін істер жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа талаптарға сәйкес, енді жергілікті діни бірлестіктер өз ауқымының кеңеюіне байланысты аймақтық немесе республикалық болып өзгеруі мүмкін. «Бұл біз талқылап отырған заң жобасының демократиялық бағытта екендігін тағы да бір рет дәлелдейді. Жаңа заң талаптары бойынша 50-ден кем емес мүшесі бар облыс аймағында қызмет ететін діни бірлестік - жергілікті діни бірлестік болып саналады. Ал аймақтық діни бірлестіктің 500-ден кем емес мүшесі болуы керек. Оның құрамында бір немесе одан да көп жергілікті діни бірлестіктер болуы тиіс және олардың әрқайсысының 250-ден кем емес мүшесі болғаны ләзім. Сондай-ақ республикалық діни бірлестіктердің мүшелері 5 мыңнан кем емес болуы қажет және олардың барлығы Қазақстан азаматтары болуы керек. Республикалық діни бірлестіктің мүшелері еліміздің барлық аймақтары мен қалаларында болуы тиіс. Бұған қоса олардың еліміздің әр аймағында 300-ден кем емес мүшелері, республиканың барлық өңірінде құрылымдық бөлімшелері, филиалдары мен өкілдіктері болуы керек»,-деді агенттік төрағасы.
Мұндай өзгерістер шетелдік тәжірибенің негізінде енгізілген. Мысалы Австрияда діни бірлестік құру үшін оның сол елде тұратын, өздерін басқа діни конфессияға жатқызбайтын 300-ден кем емес мүшелері болуы керек. «Еуропалық Одақтың мүшесі Румыния Еуропадағы дін туралы ең қатаң заңға ие мемлекет болып есептеледі. Олардың заңына сәйкес, діни бірлестіктердің мүшелері елдің жалпы тұрғындарының 0,1 пайызынан кем емес болмауы тиіс. Яғни, мүшелері 23 мың адамнан аз болмаған діни ұйымды ғана мемлекет мойындайды»,-деді Қ.Л. Шариф.