Дін тақырыбында әлеуметтік роликтер, деректі фильмдер түсіру жағы кемшін - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 18 қазан - Рухани келісім күні кеңінен аталып өтілмек. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен БҚО әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мәлім етілді.

Дін тақырыбында әлеуметтік роликтер, деректі фильмдер түсіру жағы кемшін - БҚО

Отырыста барлық діни конфессиялар қатысатын аталмыш мерекелік шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру қажеттігі айтылды. Жиында өңірдегі діни ахуал жөнінде облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жамал Ихсанова, сондай-ақ, Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев баяндап берді.

Облыста биыл тұрғындар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, дәстүрлі діни құндылықтарымызды насихаттау, діни сауаттылықты көтеру бағытында облыстық бюджеттен бөлінген 5,2 млн. теңгеге үш жоба бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды. 75 кездесу, 10 семинар, 1 конференция, 1 пікірсайыс, 10 радиохабар, 2 акция, 6 флешмоб өткізіліп, бұл шаралар 8 мыңнан астам адамды қамтыды. Үйлестірме материалдар, жинақтар таратылып, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізілуде. «Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының antisektazko.kz сайтын жыл басынан бері пайдаланушылар саны 300 мыңнан асты. Жиында мектеп киімінен бас тартып, орамал тағатын оқушылар, сәбилерін ектіруден бойларын аулақ салатын ата-аналармен жұмыс та сөз болды. Сондай-ақ, ЖОО-ларда «Дінтану» арнайы мамандық болып берілмейтіндігі, тарих факультеті мамандықтарына қосымша ретінде оқытылатыны айтылды. «Жыл соңында аталған жұмыстарды қорытындылап, қай бағыттағы жұмыстардың тиімді екенін дұрыстап саралау керек. Мәселен, үлестірме материалдарынан әсер бар ма, әлде оны жастар «Мұны өзім де білемін» деп, сол қолына ұстаған жерінде тастап кете ме? Бөлінген қаражаттың нәтижелі іске жұмсалуын қадағалау керек. Әлеуметтік роликтер, деректі фильмдер түсіру жағы кемшін. Облыстағы зиялыларды, психологтарды, ақсақалдар кеңесін ортақ іске көбірек тарту қажет», - деді отырысты қорытындылаған Бақтияр Мәкен.