Дін туралы заң жобасы: Балаларды қорғауға ерекше екпін қойылған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ең басты мақсаттардың бірі балаларды деструктивті діни ағымдардан қорғауға негізделген. Бұл туралы діни қызмет мәселелеріне арналған жаңа заң жобасының талқылауынан кейін Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дін туралы заң жобасы: Балаларды қорғауға ерекше екпін қойылған

Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы таныстырылды. Осы орайда  құжатта  алғаш рет «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» сияқты ұғымдардың заңды анықтамасы енгізіліп отыр.

«Жалпы, заң жобасы өте маңызды. Оны талқылау барысында өзекті мәселелер көтерілді. Бір жағынан алып қарағанда, бұл түзетулер біздің іргелі құқықтарымызды жүзеге асыруға, екінші жағынан олар еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге қызмет ететін болады. Атап айтқанда, құжаттағы негізгі нормалардың арасынан біздің балаларымыздың құқықтарын қамтамасыз ететін ережелерді күшейту өте маңызды болып отыр. Деструктивті діни ұйымдардан балаларды қорғау аса өзекті мақсаттардың бірі және заң жобасында бұл мәселе бөлек нормамен қарастырылған», - деп түсіндірді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар депутат заң жобасында ескеріліп отырған жаңа түзетулер арқылы енді Қазақстанда базалық діни білім алғандар ғана шетелге барып діни оқуын жалғастыра алатынын атап өтті.

«Заң жобасы көптеген азаматтардың мүдделеріне қатысты болғандықтан, Мәжілісте онымен жұмыс ашық түрде жүргізіледі. Осы орайда діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылардың ұсыныстары қарастырылатын болады», - деді Мәулен Әшімбаев.