Дін туралы жаңа Заң Конституцияға сәйкес келмейді - ҚР Конституциялық кеңесі

АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ҚР Конституциялық кеңесі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп қаулы етті.
None
None
Конституциялық кеңестің бұл шешімін бүгін Кеңес төрағасы Игорь Рогов жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. И.Роговтың атап көрсеткеніндей, ҚР Президентіне қол қоюға ұсынылған аталмыш Заңның ел Конституциясына сәйкес келуіне қатысты Елбасының күмәндары негізді болды. Конституциялық кеңес аталмыш Заң 4 ұстаным бойынша Конституцияға сәйкес келмейтінін анықтады. Атап айтар болсақ, Заңның кейбір нормаларында пайдаланған «азаматтар» ұғымы діни білім беру ұйымдардағы оқу уақытын жалпы еңбек өтіліне енгізуге жеңілдіктер берілетін адамдар тобын қысқартады, сондай-ақ Қазақстан аумағында заңды түрде жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды осы қатардан шығарып тастап, заңды мүдделері уәкілетті орган тарапынан қорғалуға тиіс адамдар тобын заңсыз тарылтады. Екіншіден, Заңның ұғымдық аппаратында «дінге сену бостандығы» сөз тіркесіне дәл анықтама берілмеген және Конституцияда көзделген әркімнің ар-ождан бостандығы құқығының ара-жігін ажыратпайды. Сондай-ақ Конституцияда баян етілген заң алдындағы теңдік принципі бұзылған. Себебі «бұрын ҚР-да белгісіз болған діни ілімді» уағыздаушы бірлестікті тіркеу мерзімі алты айға дейінгі мерзімге, ал өзге діни бірлестіктерді тіркеу мерзімі белгісіз уақытқа созылуы мүмкін. Оның үстіне, Конституциялық кеңес Заңның қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің мазмұндары бір-біріне сәйкес келмейтінін анықтады. «Кеңестің бұл шешімі Заң қол қоюға жатпайтынын және қолданысқа енгізілмейтінін білдіреді. Шешім оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және ол қайта қарауға жатпайды. Дегенмен, Конституцияға сәйкес, Конституциялық Кеңестің бұл шешіміне ел Президенті 1 ай мерзім ішінде қарсылық білдіре алады, ол қарсылығы Кеңес мүшелерінің жалпы санының үштен екісінің дауысымен еңсеріледі. Елбасының қарсылығы еңсерілмеген жағдайда, Конституциялық Кеңестің шешімі қабылданбады деп есептеледі», - деді ол.
Соңғы жаңалықтар