Дін уағыздаушылардың жалған түсініктеріне қарсы әрекеттер керек - Сенат Төрағасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап іздеуде мұсылман ғұламалары өз қолтаңбаларын қалдыруы тиіс. Бүгін Астанадағы Еуразия мұсылман ғұламалары форумында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дін уағыздаушылардың жалған түсініктеріне қарсы әрекеттер керек  - Сенат Төрағасы

«Қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап іздеуде мұсылман ғұламалары өз қолтаңбаларын қалдырып, білім мен бейбітшілікке деген сүйіспеншілік туралы Қасиетті Құран ілімдерін қайта жандандыруға тиіс. Бұл істе ғұламалар қасиетті жазбаның ұлағатты сөздерін күмәнді уағыздаушылар ұсынып жүрген жалған түсініктерге қарсы қоюы керек. Исламның іргелі қағидаттары туралы айтар болсақ, осы тұста мұсылман әлемінің саясаткерлері мен ғалымдарын исламның болмысын, бейбітшілік пен мейрімділіктің, төзімділік пен әділеттіліктің діні ретінде қалыптастыруға күш салуға шақырған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерін естеріңізге салғым келеді. Ислам амалсыздық пен фанатизмді жоққа шығарып, қарсыластарды татуластыруға және қайшылықтарды бітімгерлік жолмен шешуге ұмтылады», - деп тоқталды Қ. Тоқаев.

Бұдан бөлек ол елімізде жүзеге асырылып жатқан Рухани жаңғыру бағдарламасына тоқталды.

«Біздің ойымызша, ислам ілімі ұлттық салт-дәстүрлерге деген құрметпен және Отанға деген сүйіспеншілікпен ұштаса отырып, қоғамды рухани жаңарту идеясымен үндеседі. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын айқындады. Бағдарлама сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айрылып қалмауға бағытталған. Оларды әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату қажет. Сондай-ақ, бағдарлама ұлттық рухымызға сәйкес келетін құндылықтардың барлығын, оның ішінде салт-дәстүрлерді, тіл мен өнерді, әдебиет пен рухани бағдарларды сақтап қалуды көздейді», - деп түйді Сенат Төрағасы.