«Дина Нұрпейісованың әлемі» атты антологиялық, монографиялық жинақ әзірленуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келер жылы «Дина Нұрпейісованың әлемі» атты антологиялық, монографиялық таңдаулы шығармашылық жинақ жарыққа шығады.
Бұл еңбекте Қазақстанның халық әртісі, күй анасы атанған Дина Нұрпейісова туралы тарихи деректер, сыр-сұхбаттар, ой толғаулар, эсселер, уақыттың әр кезеңдерінде жарық көрген, басылымдардан көшіріліп жазылған мақалалар, ноталық күй шығармалары және фото деректер топтастырып жинақталады.
Осы көлемді жинақты құрастырушы - педагогика ғылымының кандидаты, профессор Төлеген Қуанышев. Айта кету керек, Төлеген Шаңғытбайұлы ұлы күйшінің жиені болып келеді. Төлеген Қуанышевтың анасы Ақжан - Динаның немересі, яғни ұлы Жұрымбайдың қызы.
«Осындай бір жинақ шығару туралы ой көптен көкейімде жүр еді. Ал оған баспасөз бетінде жазылып жүрген пікірлер қозғау болды. Әр жерде шашырап жүргені, әр түрлі деректердің қайшылықтары мені толғандырды. Ойдан шығарып айтылып жатыр десем артық шығар, бірақ жобамен жазылып жүрген деректер бар екені жасырын емес. Тіпті «күйші анамыз еліміздің батысында емес, басқа өңірде дүниеге келген екен» деген пікірлер де еміс-еміс естіліп қалады. Сондай-ақ Дина туралы материалдардың басын қосып, үлкен бір дүние шығару жөнінде кезінде Қаршыға Ахмедяров бірнеше рет маған айтқан болатын. Міне, соған орай осындай еңбекті дайындау ісіне кірісіп кеттім. Жоспарлы түрде жұмыс істеп, қолымда бар материалдарды бір жүйеге келтіруіме кандидаттық жұмыспен айналысқаным да өз пайдасын тигізді»,- дейді Төлеген Қуанышев.
Материалдар әлі де жинақталу үстінде. Бұл коммерциялық жоба емес. Ұлы күйші туралы жазылған мәліметтерді бір ортаға тоғыстыру мақсатынан туындаған игілікті іс екені анық.
Бұл құрастырылған тарихи жинақтың қалың оқырманға берер ғибраты мол деп есептейміз.