Дина өнерін жалғастырушы жас ұрпақтар көптеп өсіп келеді - Айгүл Үлкенбаева

None
None
АЛМАТЫ. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Дина өнерін жалғастырушы жас ұрпақтар, дарынды күйшілер көптеп өсіп келеді.

Бұл туралы ҚР Еңбек сіңірген әртісі, белгілі күйші Айгүл Үлкенбаева Алматыда өткен Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына арналған салтанатты кеш барысында айтты.

Айгүл Үлкенбаеваның сөзіне қарағанда, Дина мектебі ең күрделі орындаушылық мектебі болып саналады. «Соған қарамастан, күйлерін жақсы меңгерген жас күйшілер көптеп шығуда. Қазір өнерлі жастар үшін Дина апамыздың күй өнерін білгісі келетін, домбыра құлағында ойнаймын дейтін барлық жандар үшін Дина Нүрпейісованың өзінің орындауындағы бізге жеткен күйлері, жазылған үнтаспалары бар. Дина мектебінің күйлері сондай-ақ консерваторияның арнайы оқу бағдарламасына енгізілген»,-дейді танымал күйші.

«Әрбір күйіне «Қазақ» деген елінің бүкіл болмыс-бітімін, тағдырын, тарихын арқау еткен, жұртының рухын асқақтатқан домбыраның «бұлбұлы» Дина - рухани әлеміміздегі жарқын тұлға. «Ғасыр саңлағы» болып табылатын Дина Нүрпейісованың мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жөнінде елімізде көптеген шаралардың атқарылып, насихатталып жатқандығына қуаныштымын. Алматыдағы Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына арналған салтанатты кеш үлкен тойдың жалғасы болды. Осындай ғажайып дарын иесін лайықты ұлықтауын егемендігіміздің арқасы деп білемін»,-дейді ол.

Соңғы жаңалықтар