Динара Сәдуақасова Астанада халықаралық шахмат фестивалін өткізеді

None
Фото: chessnews.info
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шахмат академиясы 11-19 шілдесі аралығында елорданың 25 жылдығына орай «Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түрлі әлем чемпионаттарының жеңімпазы Динара Сәдуақасова басқаратын академия ұйымдастырып отырған турнирдің мақсаты – Қазақстанда шахматты спорт түрі ретінде танымал ету және дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау және жас таланттарды іздеу.

Турнирлерге әлемнің 16 елінен 800-ден астам шахматшы қатысады деп күтілуде. Жүлде қоры – 40 миллион теңге.

Фестиваль аясында төрт турнир өтеді: ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасы Кубогының кезеңі, әуесқойлар және балалар арасындағы бәсеке және блиц.

Жарысқа келетін жеткіншектердің арасында Екібастұз қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері де бар.

Сонымен қатар «FIDE ұйымдастырушысы» (FIDE – ұлттық федерацияларды біріктіретін халықаралық шахмат федерациясы) атағын алу үшін семинар ұйымдастырылады.


Соңғы жаңалықтар