Дінаралық келісім мен бейбітшілікті дамытуда парламенттік дипломатияның маңызы зор
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Астанада «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясының қатысушыларымен кездесті.
Атап айтқанда, комитет төрағасы Қазақстан астанасына бесінші мәрте келіп отырған Мажарстанның Мемлекеттік Жиналысы Комитеті төрағасының орынбасары Мартон Дьендьешимен кездесті. Онда мәртебелі мейман Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайту бойынша жүргізіп отырған саясатына жоғары баға берді. Өз кезегінде елдердің тарихи тамырыластығын атап өткен М.Әшімбаев Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты ықпалдастықтың әлеуеті зор екендігін атап өтті. «Қазақстан Президенті Н. Назарбаев діндер мен конфессияларды жақындастыруда, әлемде саяси мәдениеттің, диалог пен әрекеттестіктің таралуына зор күш қосуда», - деді депутат М. Әшімбаев.
Ал М. Дьендешидің айтуынша дінаралық татулық саясатында Қазақстан мен Мажарстанның тарихи ұстанымдары ортақ. «Мәселен, Мажарстанда да түрлі этностар мен діндердің өкілдері өмір сүріп жатыр. Сосын мажар халқы XVI ғасырдың өзінде-ақ түрлі діндер арасындағы бейбітшілік туралы декларация қабылдаған. Мажарстан үшін Қазақстан - ерекше ел және ерекше әріптес, және бұл бір-бірінен қашық елдердің өзара байланысы басқа мемлекеттер үшін үлгі бола алады», - деді мейман.
Сондай-ақ, бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Индонезия Республикасының Өкілдер Палатасының депутаттары Мухаммад Арвани Тхомафи және Х.Мухлисинимен кездесті. Онда Қазақстан мен Индонезия арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың, оның ішінде туристік байланыстардың нығаюы мәселелері талқыланды. «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясының аясында өткен кездесуде парламенттер арасындағы байланыстарды нығайту қажеттілігіне назар аударылды. Тараптар бұндай кездесулер парламенттік дипломатияның маңызын арттыратындығын атап өтті. Кездесу барысында М. Әшімбаев қонақтарға Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифестін тапсырды.