«Дінаралық келісім мен түсіністік - өзгелермен ортақ тіл табысуға ұмтылыстың жемісі» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қаңтардың 19-ы, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Дінаралық келісім мен түсіністік - өзгелермен ортақ тіл табысуға ұмтылыстың жемісі» - республикалық басылымдарға шолу

Кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кириллді қабылдады. Орыс православие шіркеуінің басшысы Қазақстанға Елбасының шақыруымен келген еді. Кездесу барысында толеранттылыққа, конфессияаралық және ұлтаралық келісімге қатысты мәселелер талқыланды. Осы кездесуге орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Дінаралық келісім мен түсіністік - өзгелермен ортақ тіл табысуға ұмтылыстың жемісі» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Жарияланымда «бүгінде Қазақстанда діннің еш кедергісіз дамуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Дінге, діндарлардың мүддесіне құрметпен қарау және олармен қалтқысыз қарым-қатынас жасау - біздің мемлекетіміздің түбегейлі саясаты», деген Елбасының сөзі келтірілген. Сондай-ақ басылымның жазуынша, өз кезегінде Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кирилл Н.Назарбаевқа ұлтаралық және конфессияаралық келісім жүргізіп отырғаны үшін ризашылығын білдіріп, қазақстандық көшбасшының интеграциялық бастамаларын жоғары бағалаған. Қазақстандағы бейбіт қатар өмір сүру мен этносаралық келісім қандай оң саяси және экономикалық жетістіктерге жеткізгенін, сонымен қатар елде этносаралық қатынастардың дамуына жайлы жағдай жасалып отырғанын, осының барлығы елдегі тұрақтылықтың маңызды саяси факторы екендігін ерекше атап өткен.

Мәртебелі мейманның елімізге сапары жайында жазылған келесі мақала «Айқын» басылымның бүгінгі нөмірінде «Мейманына мейірімін төккен қазақтай халық жоқ» деген тақырыппен жарияланған. Басылымның жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орыс Православ шіркеуінің ең жоғары ордендерінің бірімен марапатталған. «Мен Президентке бұл марапатты Астанада Успен кафедралық соборын салғаны үшін және Қазақстанда тұрып жатқан барлық дін өкілдеріне деген оң көзқарасы үшін табыс етемін», депті Бүкіл Русь Патриархы өз сөзінде.

Ал осы тақырыпты қаузаған «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, мәртебелі мейман еліміздің Кеңес Одағы ыдырап, тарихта қоғамдық-саяси жүйе ауысқан қиын кезеңде еңсе тіктегенін, бірақ көршілес елдердегі сияқты қазақ жерінде өзге ұлттарды жек көруден туындайтын қақтығыстар болмағанын атап өткен. «Бұл - Қазақстан басшысының саясаты мен қазақ халқының кеңпейілдігінің арқасы. Елдің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі де осы көрегендіктің мойындалғаны», депті патриарх Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрындағы кездесуінде.

Мәртебелі мейманның сапары жайында «Астана ақшамы», «Литер», «Время», «Экспресс К», «Известия Казахстан» басылымдары да жан-жақты жазған.

«Дағдарыс кезінде қарқынды дамыған сала». Қаңтардың 18-інде Ауыл шаруашылығы министрлігінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Оған Парламент депутаттары, Үкімет пен министрліктердің, агенттіктердің жауапты қызметкерлері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «КазАгро» ұлттық холдингінің басшылық құрамы, өңірлік бөлімшелер басшылары қатысты.

«Алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов сөз алып, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға жақсы баға берді. Ендігі кезекте еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне мән берілуі керектігін айтты. Ол үшін жаңа технологияларды еңгізу қажет. «Ауыз су» бағдарламасын орындау, ет өнімдерінің экспортын арттыруға қол жеткізу саланың алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Сонымен қатар Премьер-Министр агробанк құруға қатысты ойын білдіре келе биылғы жылдың қорытындысында екінші деңгейдегі банктерде 11 миллиард доллардың несие ресурстары қалыптасқандығын атап көрсетті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Алқалы жиын арқау болған келесі мақала «Алаш айнасы» газетінде «Қазақ бидайымен Мысырды да асыраймыз» деген тақырыппен жарық көрген. Басылымның жазуынша, жиын барысында мінбеге көтерілген «ҚазАгро» басшысы Асылжан Мамытбеков осыдан екі-үш жыл бұрын сапасына байланысты тоқырап қалған Қазақ-Мысыр «астық дәлізі» қайта жанданатын болады. Еліміз 2010 жылы Мысырға 1,5 млн тоннаға дейін астық экспорттайды», депті.

Ал «Айқын» газетінің жазуынша, алқа мәжілісінде ведомство басшысы Ақылбек Күрішбаев өткен жылда ауыл шаруашылығының жалпы өндірісінің көлемі 13,8 пайызға өскендігін мәлімдеген. «Бұл - соңғы сегіз жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш», депті министр. 2009 жылы сала 1 триллион 620,3 миллиард теңгенінің өнімін шығарған.

Қаңтардың 15-інде Венада ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің (МАГАТЭ-нің) бас хатшысы Юкия Аманомен кездесті. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, МАГАТЭ-нің бас директоры біздің еліміздің өз аумағында Ядролық отынның халықаралық банкін орналастыру туралы шешім қабылдағанына, мұның өзі Қазақстанның таратпау ісін жақтайтындығының кезекті қуаттауы болып табылатынына ризашылық білдірген. Ю.Амано сондай-ақ бірқатар халықаралық БАҚ-тарда таратылған Қазақстанның Иранмен осы елге уран өнімін беру жөнінде мәмілесі орын алды-мыс дейтін ақпаратқа байланысты Қазақстанның ұстанымы туралы жедел мәлімдеу жасағанына алғыс айтқан. Мақалада айтылған жайттармен басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Қазақстан таратпау үдерісін толық жақтайды» атты жарияланымнан егжей-тегжейлі таныса аласыздар.

***

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының атқарушы директоры Дулат Бақышев. Екеуара әңгіме «Азия кеңесі ешкімге жалға берілмейді және ұзатылмайды да» деген тақырыппен берілген. Сұхбат барысында Д.Бақышев «Азия кеңесі ЕҚЫҰ-ны Азияда қайталағанымен, көп мәселелер бойынша ұқсас мақсаттарды көздейді. Азия кеңесінен басқа ЕҚЫҰ-ға баламаны біздің аймақтан табу қиынға соғады. Азия әлсіз емес. Ол Еуропаға қарағанда халқы мен жер жағынан әлдеқайда үлкен», депті

«Ақтау қаласында салынуы тиіс атом электр стансысының қауіпсіздігіне және қаржылай тиімділігіне байланысты көптің көкейінде жүрген түйінді жайтқа Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев нүкте қойғандай болды», деп жазады «Айқын» газеті. Министрдің қойған «нүктесінің» жай-жапсарын басылымның бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Министр Мыңбаев таққан мін. Ресейлік мердігерлер кепілдік бермей, Ақтаудағы АЭС құрылысын бастауға болмайды» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Астана ақшамы» газеті Ұлы Отан соғысының 65 жылдығы қарсаңында, сол бір сұрапыл жылдары қан майданда ерлік көрсеткен отандастарымыз жайлы мақалалар беруді қолға алыпты. Осыған орай басылымның бүгінгі санында «Ескірмейтін ерлік» деген тақырыппен майдангер Төлеухан Шайділдиновтің өмірінен сыр шертетін мақала жарияланған.

***

«Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Қазақстанға сапармен келген Мәскеу мен Бүкіл Ресей Патриархы Кириллдің құрметіне Салтанат сарайында түскі қонақасы берілді», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, Сенат Төрағасы біз­дің елімізде түрлі діндер мен кон­фессиялардың бейбіт өмір сүруін қолдаудағы орыс право­славие шір­кеуінің үлесін жоғары бағалап, Патриарх сапары пра­вославие шіркеуінің Қазақстанда дамуына тың серпін беретінін атап өткен. «Біз бұл кездесуді біздің мем­лекетіміздің халықаралық бейбіт­ші­лік пен келісімді нығайту жо­лын­дағы күш-жігеріне ежелгі және ірі христиан шіркеулері бірінің бер­ген батасы ретінде қабылдай­мыз», депті Қ.Тоқаев.

«Экспресс К» газетінің жазуынша, кеше Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутаттар алдында сөз сөйлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова министрліктің халықты еңбекпен қамтудың нәтижелі жаңа моделін жасамақ ниетте екендігін жеткізген. Ағымдағы жылы «Жол картасы» жобасы өз жалғасын тауып, 3 мыңнан астам инвестициялық жобалар жүзеге асады. Олардың қаржыландырылуы республикалық бюджеттен 82 млрд және жергілікті бюджеттерден 43,2 млрд теңге көлемінде болады.

Парламентте өткен Үкімет сағаты жайында «Известия Казахстан», «Экспресс К», «Казахстанская правда», «Айқын», «Алаш айнасы» газеттерінен де кең мағлұмат аласыздар.

«Желтоқсанның 12-інде Тайландта тұтқындалған бортында әскери жүгі бар Ил-76 экипажынан жарылыс заттарын сақтау айыбы алынды», деп жазады «Время» газеті. Басылымның жазуынша, редакцияға хабарласқан ҚР СІМ ресми өкілі Асқар Әбдірахманов енді ұшқыштар өлім жазасына кесілмейтіндігін айтқан.