Дінбасы түркиялық ғалымдарды қабылдады
АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі Түркияның бұрынғы мүфтиі Әли Бардакоғлы бастаған делегацияны қабылдады.
ҚМДБ мәліметіне қарағанда, делегация құрамында Мармара Ислам ілімдері университетінің белді профессорлары, ғылым докторлары бар.
Келелі кездесуде Дінбасы қазақ пен түрік бауырлас халық екенін жеткізді. «Түркі тілдес елдерден шыққан қаншама ғұламалар Ислам насихатына көп үлес қосқан. Мен қазақ топырағынан шыққан бір емес, 30 әл-Фарабидың барын дәлелдеп, арнайы кітап жаздым. Біздің бабаларымыз Исламды қабылдаумен қатар, асыл дінімізді байыта түскен. Қазір елімізде 2500-ге жуық мешіт бар. Оның көбісі тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында тұрғызылды. Аллаға шүкір, халқымыз құлшылығын емін-еркін атқаруда», - деді Бас мүфти.