Діндер көшбасшыларының келесі съезі 2025 жылы өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі 2025 жылы өтеді. Бұл туралы Сенат төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Діндер көшбасшыларының келесі съезі 2025 жылы өтеді

«Хатшылықтың келесі отырысын 2023 жылдың қыркүйек айында елордамызда өткіземіз. Сонымен қатар келесі съезді 2025 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткізетін боламыз. Ортақ шешіміміз бар», - деді Мәулен Әшімбаев съезд хатшылығының ХХ отырысында.

Бүгінгі отырыс барысында съезде қабылданатын Декларация жобасы мақұлданды. Сонымен қатар хатшылық отырысының хаттамасы қабылданды.

Айта кетейік, 14-15 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтеді. Съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мүшелері қатысады.

Алдағы діни форумның ерекшелігі Рим Папасы Францисктің, әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайебтің, Иерусалим Патриархы Теофил III, Ашкеназдың бас раввині Давид Лаудың, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілердің, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдерінің қатысуы болады.

Рим Папасы Франциск 14 қыркүйекте елордада месса өткізеді. Оған 3 мыңға жуық адам қатысатыны күтіледі.