Дінді бұрмалай түсіндірушілер оны өзінің қара ниетін жүзеге асыратын қаруға айналдырғысы келеді - ҚР Президентінің кеңесшісі
АЛМАТЫ. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Кейбіреулер біздің қыздарымыздың өмірін тар аяда шектегісі келеді. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова бүгін Алматыда «Әйел және дін» деген тақырыпта өтіп жатқан халықаралық форумда айтты.
«Бүгінгі Форумның «Әйел және дін» деп аталуы - қазіргі заманның өткір мәселесі діннің әйелдер қауымы үшін де өзекті екендігін көрсетеді. Дін, діндегі әйелдің орны - қазіргі кезде барша елдерде қызу талқыланып жүрген тақырып. Өйткені, дін адамзат құндылықтарын сақтап, байытуды көздейді. Ал оны бұрмалай түсіндірушілер дінді өзінің қара ниетін жүзеге асыратын қаруға айналдырғысы келеді», - дейді Г.Әбдіқалықова. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы діни сенім бостандығына кепілдік береді. Бірақ бостандықты саналы түрде, ақылмен таңдауымыз керек. Өйткені адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты болады. Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар. Бүкіл шығыс халықтарының ішінде қазақ әйелдері ерекше мәртебеге ие. Тарихқа көз жүгіртсек, ерлермен бірдей мемлекетті басқару ісіне белсене араласқан әйелдер аз емес. Сауатсыздықты жою, мәдениетті, өнер мен ғылымды дамыту сияқты маңызды мәселелерді шешуге қатысқандар жастарға лайықты үлгі-өнеге бола алады.