Дінді деструктивті мақсаттарда пайдалану мүмкіндігіне тосқауыл қойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда дін қызметі және діни бірлестіктер мәселесінде шешімін қажет ететін шаралар жинақталып қалды. Бұндай пікірді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» РММ директоры Айдар Әбуов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дінді деструктивті мақсаттарда пайдалану мүмкіндігіне тосқауыл қойылады

Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы таныстырылды. Осы орайда  құжатта  алғаш рет «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» сияқты ұғымдардың заңды анықтамасы енгізіліп отыр.

Заң жобасын қабылдау конфессиялық қатынастарды құқықтық тұрғыда жаңа деңгейге шығаратынына тоқталған ол, «2011 жылдан бері алты жылдан астам уақыт өтті. Сол уақыттан бері қазіргі кезде шешімін қажет ететін мәселелер жинақталып қалды. Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша заңнама құқықтық нормаларды бекітуі тиіс. Осы орайда азаматтардың құқығына кепілдік беріледі әрі қорғалады, ал екінші жағынан дінді экстремистік және басқа да деструктивті мақсаттарда пайдалану мүмкіндігіне тосқауыл қойылады. Құжат білім алу шараларын реттеуге жол ашатын нормаларды қамтиды. Сонымен қатар онда бірқатар шектеулер қарастырылған. Біз діни қоғамдастық арасында аталған шаралар діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету тұрғысында жасалып отырғанын түсіндірудеміз», - деді А. Әбуов.

Осы орайда ол бүгінде әлемнің кейбір елдерінде діни проблемалар өзекті болып отырғанын еске салып өтті.

Айдар Әбуовтың пайымынша, діни сала жоғарғы сезімталдыққа тап болуда. Бұл жағдайларда дін саласында үйлесімді әрі тиімді мемлекеттік саясатты құру маңызды болып отыр.

Сөз соңында ол Қазақстан жаһанды сын-қатерлер жағдайында өзінің ұлттық рухани құндылықтарын, дәстүрін, болмысын сақтау үшін қажетті шараларды қабылдауы тиіс екенін атап өтті.

 Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған заң жобасында діни білімді шетелде алуға қатысты Қазақстанда тиісті шектеулер қарастырылып отыр.