Діни әдебиеттер тек арнайы дүкендер мен ғибадат үйлерінде ғана сатылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда барлық діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы ақпараттық материалдар тек діни ғибадат үйлері және жергілікті атқарушы органдар бекіткен арнайы стационарлық дүкендер арқылы ғана таратылатын болады.
None
None

Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов осылай мәлімдеді. Еске салайық, отырыста діни толеранттылық пен конфессияаралық келісімді нығайту мәселелері талқыланған болатын.

Вице-министрдің айтуынша, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты түзету мекемелерін қоса алғанда, еліміздің барлық кітапхана қорларына дінтану сараптамасы жүргізілген. Соның нәтижесінде теріс мазмұндағы діни әдебиеттер кітапханалардан алынып, кітапхана қорлары біртіндеп ақпараттық-ағартушылық бағыттағы материалдармен толықтырыла бастаған.

«Қолданыстағы заңға сәйкес, енді Қазақстанда барлық діни кітаптар тек арнайы стационарлық дүкендерде сатылады. Яғни, бұдан былай барлық діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдар тек діни ғибадат үйлері және жергілікті атқарушы органдар бекіткен арнайы стационарлық дүкендер арқылы ғана таратылатын болады»,-деді Марат Әзілханов.

Соңғы жаңалықтар