Діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісі 24 қазанға дейін аяқталуы тиіс - Қ.Лама Шариф
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісі 24 қазанға дейін аяқталуы тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысында еліміздің Дін істер агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф айтты.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта бірқатар діни бірлестіктер өздерінің құрылтай құжаттарын тіркеуге ұсынған. Әділет министрлігінде республикалық діни бірлестік мәртебесімен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тіркеуден өтуде. Бұдан кейін республика бойынша ҚМДБ филиалдары ретінде мешіттерді тіркеу жұмыстары жүргізіледі.
«Сондықтан тиісті органдарға, яғни халыққа қызмет көрсету орталықтарына, Әділет департаменттері мен басқармаларына құрылтай құжаттарын уақтылы әрі сапалы түрде қарастыруды қамтамасыз ету ұсынылады», - деді ол.
Бұл ретте ҚР дін істері агенттігі тарапынан тиісінше дінтану сараптамасы жүргізілетіндігін баса айтқан Қ.Лама-Шариф: «Қайта тіркеу үдерісі үстіміздегі жылдың 24 қазанында аяқталуы тиіс және біздің мақсатымыз - барынша тыныш, тиянақты түрде бұл жұмысты аяқтау», - деді.
Агенттік басшысының айтуынша, бұл мерзім аяқталғаннан кейін әділет органдары қайта тіркеуден өтпейтін діни бірлестіктерді жабу жөнінде бастама көтеруі тиіс.