Діни қызмет және діни бірлестіктерге қатысты заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобы өз қорытындысын айтты

Рамазан Сәрпеков жұмыс тобына 300-ден астам ұсыныстар келіп түскенін, оның барлығы сараптаудан өтіп, 99 позицияға топтастырылғанын мәлім етті. Заң жобасының мақсаты Қазақстан Республикасының діни бірлестіктер туралы заңнамасын діни бірлестіктер қызметі мен жеке тұлғалардың діни қызметінің негізгі бағыттарын құқықтық реттеу жолымен жетілдіру болып табылады.
Заң жобасы діни бірлестіктерді тіркеу мәселелерін, дінтану сараптамасын жүргізу негіздері мен тәртібін заңнамалық тұрғыдан реттеуді жетілдіруді көздейді, жекелеген ұғымдарды нақтылайды.
Заң жобасын қарау барысында депутаттар заң жобасының нормаларын заң техникасының қағидаларына сәйкес келтіруге бағытталған және редакциялық-нақтылау сипатындағы бірқатар түзетулер енгізді.
Мәжілістің барлық комитеттері заң жобасы бойынша қорытындыларын берді, олар заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысының қарауына енгізуге болады деп есептейді.
Комитет Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі, Бас прокуратурасы, Жоғарғы Соты, Әділет, Ішкі істер, Қорғаныс, Байланыс және ақпарат, Сыртқы істер, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және Мәдениет министрліктері, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, діни бірлестіктер мен ғылыми қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының бірнеше отырысын өткізді.
Заң жобасына ұсынылып отырған түзетулер салыстырма кестеде баяндалған.
Осы айтылғандардың негізінде Комитет осы заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысының талқылауына енгізуге болады деп есептейді.