Дінмұхамед Қонаев мұражайы салынатын орын анықталды
АЛМАТЫ. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонав мұражайы салынатын орын анықталды. Оны қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов бүгін әкімдікте Халықаралық мұражай күніне орай ұйымдастырылған алқалы жиында айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аздаған өзгеріс енгізгеннен кейін Дінмұхамед Қонаев мұражайының құрылысын бастау керек. Қазіргі жобада мұражай жолға тым жақын орналасқан. Егер бәрі ойдағыдай болса, оны бір жарым жылда аяқтауға болады. Ол қала келбетін одан сайын ажарландыра түседі», дейді С. Сейдуманов.
Д. Қонаев мұражай-үйінің директоры Болысбек Батталхановтың айтуынша, бұл мұражайдың жобасын жасаған Халықаралық Қонаев қоры. Екі қабатты құрылыс кешенінің көлемі 2 мың шаршы метр болмақ. «Оның құрылысы биыл басталады деп жоспарланған еді. Алайда қағаз жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Сондықтан әлі күнге дейін құрылыстың нақты қашан басталатыны белгісіз болып қалуда. Жалпы бүгінгі таңда біздің қолымызда Д. Ахметұлына қатысты 3,5 мың жәдігер бар. Алайда оның 346-сын ғана келушілер назарына ұсынып отырмыз. Биыл жыл соңында «Қонаевтың 100 жылдығына 100 шара» деп аталатын жобамыз өз мәресіне жетеді», дейді Б. Батталханов.
«Д.А.Қонаев мұражай-үйі» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорыны ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 1994 жылғы ақпанның 24-індегі қаулысына сәйкес құрылды. Ол Алматы қаласы әкімшілігінің 2001 жылдың қазан айындағы шешімімен және Халықаралық Д. Қонаев қорының көмегімен 2002 жылы қаңтардың 12-сінде әйгілі қайраткердің 90 жылдығына орай ашылды. Ондағы экспозициялық алаң 210 шаршы метрді құрайды. Екі залда Д. Ахметұлының жеке қолданған заттары, кәдесыйлары, жастық шағын бейнелейтін құжаттары мен фотосуреттері орын алған. Ең құнды жәдігерлер: қару-жарақтар, оттықтар коллекциясы, жеке авто көлігі және жұмыс кабинеті.