«Дінтану негіздері» факультатив сабағын мектепте архитектор беріп келген - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 1 қыркүйек, бейсенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
Өскемен қаласында экологиялық мәселелерді арнайы зерттеу мекемесі ашылды. Әзірге бұл Қазақстандағы осы саланы талдап отыратын жалғыз орталық болып отыр. Шығыс Қазақстан облысының әкімшілігі аталған орталықты құру арқылы ауаны ластап отырған экологиялық түйіткілдерді айрықша бағалауға алып, зерттемек ойда. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен құрылған бұл орталық болашақта жұмыс аумағын кеңейтпек. Экологиялық жағдайы расымен де алаңдаушылық тудырып отырған ШҚО-дағы бірегей орталық туралы «Айқын» газетінде жазылған.
Аталмыш газеттің «Исламның қай бағытын ұстанатынымызды батыл айтуымыз қажет» тақырыбымен саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовпен болған сұхбатта Қазақстандағы бүгінгі күнгі күрмеуі күрделі тақырыптардың бірі - дін мен діл мәселесі қозғалған. «Мені бүгінгі билікке, Үкіметке риза қылып отырған бір мәселе бар. Ол - кештеу болса да, еліміздегі діни ахуал жайлы әңгімені енді қозғай бастағаны. Бұған дейін Конституциямызда көрсетілген «зайырлы мемлекетімізді» тар кеңістікте түсініп, оны басқаша қабылдап келген едік. Зайырлы мемлекет болу дегеніміз - қоғамда болып жатқан ішкі жағдайлардан басты алып қашу емес, керісінше, соның ортасында жүріп, бақылап- қадағалау, реттеп отыру болмақ», - дейді саясаттанушы.
* * *
Ал «Алаш айнасы» газетінде «Директорлар сынақтан өте алмады» тақырыбымен шыққан мақалада ҚР Білім және ғылым министрлігі ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап бірінші санаттағы орта мектеп мұғалімдеріне 100 мыңнан жалақы береміз деп отырған тұста, анықталған келеңсіздіктер туралы жазылған. Мәселен, Жамбыл облысының жауапты мамандары жүргізген талдау-сараптау жұмыстарының нәтижесі, облыс бойынша Қазақстан тарихы пәнінен сабақ беретін 1 178 ұстаздың 35 пайызы жоғары оқу орнын сырттай бітіргені, Байзақ, Қордай аудандарында сырттайлықтар тіптен 54 пайызды құрайтындығы анықтады. Ал қазақ тілінің «заочниктері» өңірде 37 пайыздың ар-жақ, бер-жағы. Онымен бірге, Қордай ауданында «Дінтану негіздері» факультатив сабағын мамандығы бойынша архитектор беріп келген.
Осы газеттің «Алаш азаматы» айдарында Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовпен жазылған сұхбат ұсынылған. Әкім әңгімесінде Үдемелі индустриялық-иновациялық даму бағдарламасының облыста жүзеге асырылу барысы, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына өңірдің жетіп отырған әлеуметтік-экономикалық жетістіктері, Қазақстан, Ресей және Беларус мемлекеттері арасындағы кедендік кеңестің нақты облысқа берер пайдасы, сондай-ақ дін, спорт, білім мен ғылым жағдайларын кеңінен баяндады.
* * *
29 тамыз күні Женевада Ұлттар сарайында Семей ядролық полигонының жабылғанына 20 жыл толуына және Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнді атап өтуге арналған конференция өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі және Ядролық қарудан ада қоры бірлесіп ұйымдастырды. БҰҰ-ның Женевадағы Бөлімшесінің бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғы сөзінде, БҰҰ Қазақстанның және оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту және оны таратпау үдерісіне қосқан сүбелі үлесін аса бағалайтындығын атап өтті. Оның айқын дәлелі көлемі бойынша әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартуы және Семей ядролық полигонын жабуы болды. Мақаланы «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санынан оқуға болады.
Бүгін, 1 қыркүйек - білім күні. Осыған орай, ҚР Білім және ғылым министрлігі барша қазақстандықтарды жалпыхалықтық мерекемен құттықтады. «Казахстанская правда» газетіне шыққан құттықтау хатында, 2011-2012-ші оқу жылында 260 мыңға жуық балдырғанның алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтындығы айтылған. Олардың саны соңғы бес жылда өсу қарқынын көрсетіп отыр. Бұл, елдегі демографиялық оң жағдайдың белгісі.
* * *
Бүгінде Қазақстанда спорттық ойындардың арасында кенжелеп дамып келе жатқан - футбол туралы ашына айтып, пікір білдірген атақты палуан, бүгінде «СК-Астана» корпоративті қорын басқаратын Дәулет Тұрлыхановтың «Мегаполис» газетіне берген сұхбатын «Нұр Астана» газеті басып шығарды. «Бәрімізге белгілі, шеттен, әсіресе, Ресей клубтарынан аттай қалап қыруар қаржы жұмсап әкелетін футболшылар еуропалық деңгеймен салыстырғанда шеберлігі көп төмен, ортаңқол ойыншылар. Жыл сайын қайталанатын осы үрдіс Қазақстан футболының әлемдік рейтингтегі орнын кері кетіргені болмаса, пайда бере қойған жоқ. Қазақстанда талантты балаларды іріктеп, тәрбиелеп шығаратын кешенді футбол мектептерін құру ешкімнің ойына келмейді», - дейді ол.
Осы басылымның «Мінбер» айдарында Үкімет мүшелерінің, атап айтқанда, Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатында Қарағанды облысына жасаған сапарларының нәтижесін оқуға болады.