Дінтану сараптамасын ұйымдастыруға қатысты республикалық семинар өтеді

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - 29 сәуірде Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің ұйымдастыруымен «Дінтану сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу» тақырыбында республикалық семинар өткізіледі.
None
None

Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметінен хабарланды.

Семинардың мақсаты еліміздегі дінтану сараптамасын жүргізуді қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру болып табылады. Бұл ретте шара аясында дінтану сараптамасын жүргізу тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сарапшылар мен Дін істері агенттігінің департаменттері жанындағы Сараптамалық топтардың мүшелеріне кеңес беру, дінтану сараптамасы жөніндегі тәжірибелік мәселелерді талқылау, дінтану сараптамасын жүргізудің тетіктерін әрі қарай жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу секілді маңызды мәселелер қамтылмақшы.

Семинарға Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігіне қарасты аумақтық департамент қызметкерлері, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы және Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының қызметкерлері, ҚР Бас прокуратурасының, ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің, Сот сараптамасы орталығының өкілдері, Қазақстан Дінтанушылар конгресінің мүшелері, тәуелсіз сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысатын болады.

Соңғы жаңалықтар