Дипломат: Германия компаниялары Қазақстанда қоқыс жағатын зауыттар салуға мүдделі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісі Тил Клиннермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дипломат: Германия компаниялары Қазақстанда қоқыс жағатын зауыттар салуға  мүдделі

Министрліктің сайтындағы ақпаратта айтылғандай, Мағзұм Мырзағалиев геология саласындағы Қазақстан-Германия ынтымақтастығын нығайтуға дайын екенін білдірді.

«Бүгінде ұлттық деректер банкі мен минералдық ресурстардың ақпараттық жүйесі әзірленуде. Бұл жер шарының кез келген нүктесінен онлайн-режимде барлық құпия емес, оның ішінде литий және оған ілеспе элементтерге бай кен орындары бойынша геологиялық деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, инвесторларға бірыңғай терезеде «бірінші өтінім» қағидаты бойынша лицензиялар беру мүмкін болады. Жаңа енгізілімдерді ескере отырып, біз германиялық компаниялармен геология саласындағы ынтымақтастыққа ашықпыз», - деді министр.

Ведомство басшысы парниктік газ шығарындыларына квоталар саудасының қазақстандық жүйесін еуропалық жүйемен жақындастыру бойынша жұмыс тобын құру бастамасын қолдап, Германия тарапының осы жұмыс тобына төрағасы ретінде қатысқаны үшін алғыс білдірді.

«Біз Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Елші мен министр жаңа Экологиялық кодекске қатысты да пікір алмасты.

Тил Клиннер қалдықтарды кәдеге жарату саласындағы ынтымақтастықты дамытудың келешегі зор екенін, Германия компанияларының Қазақстанда қоқыс жағатын зауыттар салуға мүдделі екенін атап өтті.