«Дипломатия жаршысы» журналы қайта шыға бастады - СІМ
АСТАНА. Қазақпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі «Дипломатия жаршысы» ведомстволық журналын қайта шығара бастады.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2018 жылдың басында журналдың жаңа нұсқасы мен тұжырымдамасы бекітілген. Онда, ең алдымен, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін маңызды халықаралық оқиғалар мен іс-шараларға талдау жасауға ерекше назар аударылады.
«1996 жылы негізін салған журнал өзінің басты мақсатына сенімді болып қала бермек, яғни сыртқы саясат мәселелері бойынша өзекті публицистикалық материалдар ұсынады. Қазақстан СІМ басылымы тек Астананың ресми пікірінің жарияланымын ғана емес, сондай-ақ еліміздің, шетел саясаткерлерінің, дипломаттар мен сарапшылардың мақалаларын қамтитын болады. Журнал Қазақстандағы сыртқы саяси ойларды дамытудың маңызды алаңына айналады деген сенімдеміз», - деп атап өтті Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өзінің кіріспе мақаласында.
2018 жылдың №1 шығарылымында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары мен Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қаңтардағы төрағалығының қорытындыларына ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастар, еліміздің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етуі, қарусыздандыру мәселелері, Сирия мәселелері жөніндегі Астана процесінің сегіз кезеңінің қорытындысы тақырыбына арналған.
Сонымен қатар, бірқатар авторлардың мақалалары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, цифрлық дипломатияның келешегі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институты мен Қазақстан дипломаттары қауымдастығының қызметіне қатысты. «Тарих беттерінен» бөлімінде мемлекет қайраткері, дипломат Нәзір Төреқұловқа арналған материал жарық көрді.
«Дипломатия жаршысы» қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде («The Diplomatic Herald of Kazakhstan» ) шығарылады.
Журналды электронды нұсқада Сыртқы істер министрлігі сайтынан оқуға болады.