Дипломатиялық қызмет ардагерлерінің зейнетақысын көтеру керек - Б. Әйтімова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дипломатиялық қызмет ардагерлерінің зейнетақысын арттыру керек. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында сенатор Бірғаным Әйтімова осы мәселені көтерді.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы дипломатиялық қызмет ардагерлерінің базалық зейнетақы мөлшері олардың лайықты өмір сапасын қамтамасыз ете алмайды. «Осыған орай, отандық дипломатия қызметін дамыту және қазақстандық дипломатия өкілдерін әлеуметтік қорғау үшін осы санаттағы тұлғаларға зейнетақы мөлшерін арттыруды қайта қарастырып, оларға қатысты зейнетақы төлемдері мен есептеу тәсілдерін өзгерту керек», - деді Бірғаным Әйтімова.
Оның айтуынша, әлемнің жетекші елдерінің басым бөлігінде дипломаттардың зейнетақымен қамтамасыз етілуі ерекше тәртіп бойынша қарастырылады. Бұл ретте көптеген мемлекеттерде дипломаттар ай сайынға зейнетақы төлеміне қосымша 1 мың 500 доллар алып отырады. Ал Қазақстанда дипломат зейнеткерлердің зейнетақылары төмен әрі бұл ертеңгі күнге деген сенімсіздік тудырады.
«Бұдан бөлек, дипломатиялық қызмет өкілдері үшін кейде шет елдерде 2-3 жылға дейін болуға тура келеді. Онда олар отбасымен, жұбайымен бірге барады. Алайда, біздің елімізде осындай ұзақмерзімді іс-сапарлар зейнетақы жүйесіне қатысудың өтіліне есепке алынбайды. Бұл да қайта қарауды қажет ететін мәселе», - деді Б. Әйтімова.